Баймағанбет Ізтөлин

Сабақтың мақсаты:

Баймағанбет Ізтөлин  туралы деректерді оқиды, мәтінді талдайды;

Ақынның  ерекше қасиеттерін  бағалайды.

Баймағамбет Ізтөллин – революционер-ақын.

Таптық сілкіністер мен қақтығыстар дәуірінде туып, дауылда қанат қаққанБаймағамбет Канапияұлы Ізтөлиннің (1899-1921жж.) өмірі бұрқанған оқиғаларға толы. Баймағамбет ерте жасынан бастап ауылдағы әлеуметтік теңсіздікті көрген, қиянатқа қарсы күрес жолына түскен.  20 жасында Лениндік Коммунистік партиясына кірген, Қазақстанда еңбекші бұқараны жаңа өмір орнату ісіне жұмылдыру, ауылда советтік ұлттық мектептер ұйымдастыру жолында жастық жалынмен жігерлі қызмет атқарған. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жаңа революцияшыл мазмұнды өлеңдер жазған.

Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданындағы «Украин» атты жаңа совхозға қарасты ну тоғайлы «Борлыкөлдің» жағасында (қазіргі Жамбыл ауданы Украинск ауылы) ) 1899 жылы 28 сәуірде Баймағамбет Канапияұлы Ізтөлин дүниеге келген екен. Әкесі Қанапия орта шаруалы, өз ауыл-аймағында «бас көтерер», «елдің елеулісі», «аузы дуалы» саналған адам. Ол  ұзын бойлы, кең жауырынды, тұлғасы алып кең сүйекті, ақсары жүзді, көзі шағырлау кісі. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын: «сөзге ұтқыр егескенде алдырмайды», десетін.

Қанапия сауытты, оқу, жазуға жатық, жап-жақсы білімі бар адам болған.Баймағамбет Қанапияның әкесі Ізтөленің атын иемденген-  «Ізтөлин» деп аталуы содан. Баймағамбет жеті ағайынды: төрт ұл, үш қыз. Үлкені Баймағамбет,інілері Бимақан,Сейіт,Сұлтан,қарындастары Айтжан, Мәдина, Зүбира. «Шәліңке» аталатын жеті-сегіз үйлі ауылда Канапиямен немерелес – Құлыбай атты молда болған. Қанапия Баймағамбетті алғаш сол молдаға оқуға береді. «Бойыма оқуы сіңбегенмен, діңі қатты сіңді,балалық кезде оразашыл,намазшыл болдым»-дейді.Жас өспірім шағында жазған «Жан ашуы», «Он алтыншы жыл» сияқты тәңірге сыйынуларын ол «Құлыбай молдадан алған тәрбиемнің әсері» дейтін еді.

Баймағамбет он төрт жасқа шыққан жылы жақын жердегі Құрымсы аталатын ауылға Уфа қаласындағы Ғалия медресесін бітірген Сейіткерей Мағазов дейтін башқұрт мұғалімі келеді. Ол жадид бағытындағы мұғалім болады. Жадид оқуын пайдалы жаңалық көрген жұрт балаларын соған оқуға, бере бастайды. Бұл оқуға Баймағамбет те түсіп, ғылымға негізделген сабақты тез меңгереді, отыз шақты шәкірттің алды болады.Бірақ Баймағамбет ұзақ оқи алмайды. Кездейсоқ бір оқиғаның кесірінен Сейіткерейді өшіккен біреулер «солдаттан қашып жүр» деп өкімет орындарына көрсетіп,1915 жылы урядник ұстап әкетеді де қызу жүріп жатқанбірінші империалистік соғыстың майданына жөнелтілді.

1914 жылы жазған «Соғыс» атты өлеңінің езінде-ақ 15 жасар Баймағамбет империалистік соғыстың ауыртпалығы халыққа түсетінін дұрыс аңғарады.Сәбит те өз елінде         «Ақын бала» атанады. Ол талай үйлерде «Зар-құм», «Сал-сал», «Алпамыс»,«Қобыланды» сияқты қиссаларды, батырлар жырларын жатқа айтып, жұртты аузына қаратады.

Онымен шектелмей, өзі де әзіл-қалжыңға құрылған өлеңдер шығарып, айтыстарға түсіп жүреді. Сол айтыс өлеңдер жанына батқан кейбір бай балаларынан таяқ та жейді. Сәбит пен Баймағамбет ең алғаш 1916 жылы жазда кездеседі. Бұл кезде Сәбит 16-дан, Баймағамбет 17-ден асқан еді. Бұлар бір-бірінің өмірбаянымен танысады, өлең, білім алу төңірегінде кеңеседі. «Татар, орыс ақындарының өлеңдерін оқығаннан кейінөз өлеңіңді оқуға ұялады екенсің», -дейді Баймағамбет. Дегенмен кейбір өлеңдерімен Сәбитті таныстырады.1916 жылы күзден бастап Баймағамбет Пресногорьковкадағы орыс мектебінде оқиды. Әрине, 17-ден асқан Баймағамбет оны 1-ші кластан бастамайды. Жеке мұғалім жалдап, өздігінен ізденуінің арқасында 4-ші класқа тусіп оқиды. Осы жылы Баймағамбет «1916-шы жыл» деген көлемді өлең жазады. Мұнда ол еңбекші ел басына түскен ауыртпалыққа қайғырып қана қоймай, халықты күш-қайрат жинап, болашаққа үмітпен қарауға шақырады:

Үзбейік сонда-дағы біз үмітті,

Коңілді мықтап ұста, берік, мықты,

Ылғи мұңая бергенше санаменен

Қайраттанып кетейік қайта тіпті. [25].

Баймағамбет Пресногорьковкада оқып жүріп Сәбитке хат жазып, оған оқыған кітаптары жайлы айтады және кітаптар жіберіп тұрады. Сол 1916 жылдың қысында ол Сәбитке Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдер жинағын жіберді. Хатында: «Саған Ғабдолла Тоқаевтың кітабын әдейі жіберіп отырмын. Бұл да сен сияқты жетім болып, қорлықта өскен адам. Ақырында, өзінің тырысуының арқасында ақындықтың биік сатысына көтеріліп, бүкіл татар әдебиетінің жұлдызы болды… Тоқаевтың өмірі де, өлеңдері де саған үлгі боларына сенемін» дейді [25]. Сәбит те Ғабдолла Тоқаевтың өмірі мен өлеңдеріненүлкен әсер алады. Өз өмірі, ақындығы туралы ойланады. 1917 жылғы ақпан революциясы туралы «Патша тақтан түсіпті» деген хабарды наурыз айының басында Баймағамбет  Пресногорьковкада, Сәбит  Қаратеректе естиді.Сол жылдың жазында Сәбит молла болып жүрген Жуанағаш ауылының жайлауы «Тоқтаның қайран көлі» деген жерде Баймағамбет екеуі тағы кездеседі Баймағамбет орыс мектебінде білім алғандықтан газет оқып, білімін кеңейткендіктен сол кездегі саяси жағдайды көбірек түсінген. «Өмір мектебінде» Сәбит былай дейді: «Саяси хал туралы бірінші мәліметті мен содан алдым. Оның айтуынша: патша түскенмең өкімет билігі капиталистер мен помещиктердің қолында екен. «Капиталист», «помещик» деген сөздермен де мені алғаш Баймағамбет таныстырды. Қазақ оқығандары «Алаш Орда» атты өкімет құру ниетінде жүргенін де маған сол айтты. Патшаны кім түсіргенің одан кейін не халде болып жатқанын мен енді ғана түсіне бастадым» [31].

Ғылымдық оқудың дәмін бір жыл ғана татып, білімге үздіккен өзегін еркін жалғай алмаған Баймағамбет ол жылы он жетіде  еді. Майданға он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы жігіттер шақырылады. Сол тізімге Баймағамбет те ілігеді.Баймағамбетелінің мобилизацияға іліккен жігіттері майданға жіберілмей, үкіметтің жергілікті жұмыстарына орналасады. Сол кезде Баймағамбет әкесі арқылы ебін тауып қара жұмыстан құтылады да, Пресногорьковка станицасындағы орысша жеті жылдық мектептің 4-класына оқуға түседі. Бұл мектеп «Высше-начальное училище» деп аталған. Баймағамбет Пресногорьковкада оқып жүргенде Ақпан төңкерісі басталды. Ол қысты аяқтаған Баймағамбет елдес шәкірттердің ақылымен татардың Троицк қаласындағы мұғалімдер даярлайтын «Медресе Уазифа» аталатын мектебіне барып, бірінші классына түседі. Қала бұл кезде Колчактың қолында болады. Оқуда жүріп Баймағамбет жасырын жұмыстағы большевиктермен танысып, төңкеріс істеріне жәрдемдеседі, жасырын түрде прокламациялар таратысады. Большевиктердің саяси бағытын жете түсінген Баймағамбет партия қатарына кіруді арман етіп, аңсайды. Алайда осы кезде большевиктердің жасырын сыры мен ерлік істері ашылып,көпшілігі тұтқынға алынады да, Баймағамбет сияқты әлі буыны қатпаған, білекке күш жинамаған белгісіздер аман қалады.

Орал тауы жағынан Қызыл Армия жақындап, адмирал С.В. Колчактың халі мүшкілге айналады. 1919 жылдың көктемінде Уазифа жабылады да, Баймағамбет еліне қайтады. Қызыл Армияны Баймағамбет сол жылдың күзінде туған жерінде қарсы алады да, ізін шала Қызылжарға барып, желтоқсан айында Коммунистік партияның қатарына кіреді, жаңадан құрылған уездік ревком оны қызметке алады[33].

Баймағамбет мектеп қызметін таңдап уездік оқу бөліміне нұсқаушы болып кіреді. Ол кезде В.И. Ленин қол қойған декретпен «ВЧКа» аталып, төңкеріске қарсы элементтермен күресетін екінші төтенше комиссия «Тифхолчека» аталып, сүзек және обамен күресетін үшінші төтенше комиссия құрылғаны, осы үшеуінің қатарласа және жарыса қызметке кіріскені тарихтан мәлім. Бұдан біз Кеңес өкіметінің сауатсыздыққа тіпті сол кездің өзінде қанша мән бергенін көреміз.

Қазақстанда құрылған Грамчеканың алдында екі міндет тұрды: бірі – бұрын ұлттық мектебі болмаған ауылдар мен қалаларда қазақ балаларын оқытатын мектептер ұйымдастыру; екіншісі – жүзден тоқсан сегізі сауатсыз қазақ халқының ересектерін де оқытып, сауатын ашу еді. Грамчекаға қызметке алынған Баймағамбетті уездік оқу бөлімі Федоров аталатын оқу ауданына нұсқаушы қылып жібереді. Бұл оқу ауданының «Федоров» аталатын себебі: қазіргі Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында орысша «Федоровка», қазақша «Тілес» аталатын поселок бар, онда төңкерістен бұрын Ыбырай Алтынсарин жүйесімен «орысша-қазақша» аталатын, оқу мерзімі алты жылдық екі класты школа ашылған. Халыққа белгілі Спандияр Көбеев сол мектепте ұзақ жылдар учитель болып,қазақтың көп балаларына орысша білім берген, сондықтан кеңестік құрылыстың алғашқы жылдарында да Федоровка мәдениет ошағы сияқтанып тұрған.

Федоров оқу ауданына ол кезде маңайындағы он шақты қазақ болысы қарайды. Осы болыстардың ішінде бірінші рет қазақтың ұлттық мектептерін ұйымдастырған адам Баймағамбет Ізтөлин. Ол сол кездің өзінде бес мектеп ашып кеткен екен. Олар Өтей ауылы, Әбдіреш ауылы, Телпек ауылы мектептері еді. Мектеп ашуда ауылдағы қожа-молдалардың кедергісі кездесіп отырған. Алайда, Баймағамбет Тұяқбай, Самырат, т.б. сияқты кертартпаларға соққы беріп, сағын сындырып,оларды жеңе білген. Оған бір мысал келтірейік. Тұяқбай ауылына келген Баймағамбет оқушыларға байдың ақ отауын босаттырып береді. Баймағамбет Ізтөлин ауыл-ауылды аралап жүріп, қазақ жастарын білім алуға, өнер үйренуге шақырған. Өзі ашқан мектептерде сабақты дұрыс жолға қойып,мұғалімдердің жұмыс сапасын үнемі бақылап отырған. Оның бұл кездегі ағартушылық қызметін – халқымыздың қалаулы ұлы, педагог-ағартушы Ы.Алтынсарин бастаған игілікті істің заңды жалғасы деп білеміз.

Контрреволюция, шетел интервенциясы күйрегенімен, дүниежүзілік және азамат соғысының қанды ізі қалып қояды да, елдің шаруашылығы ауыр халге ұшырады. Сондықтан да Баймағамбет балаларға арналған мектепті ұйымдастырғанмен, үлкендерге арналаған оқу ошақтарын ұйымдастыра алмайды. Бай-кулактар азық-түлік беруге қарсылық жасап, қолда барын жасырды. Тығылған астықты тауып, Отанды астықпен қамтамасыз ету үшін,жер-жерде азық-түлік комиссариаттары, отрядтар құрылады. Баймағамбет те бұл кезде тек бірыңғай оқу жұмысымен ғана шұғылданбай, жүрген жерінде азық-түлік жинасу мәселесіне белсене араласады. Ауыл жастарының арасында үгіт-насихат жүргізіп, ел басына түскен ауыр халді түсіндіреді.

1921 жылдың ақпан айында қазіргі Омбы, Түмен, Қорған, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстарының он сегіз уезінде ақ армияның тығылып жүрген офицерлері мен генералдарының ұйымдастырумен бай-кулактардың карулы көтерілі басталады. Мұндай көтерілісті күтпеген большевиктер, талай абзал жанды адамдар қапыда қолға түсіп, қайғылы қазаға ұшырайды. Бандылар көп жерлерде коммунистерді азапқа салып айуандықпен өлтірген. Баймағамбет осы көтерліс кезінде Петропавл қаласында екен. Қалада бандыларға қарсы ерекше міндетті әскери бөлімдер құрылады. Осы әскери бөлімнің құрамына Баймағамбет те жазылады. Қаланы жан-жағынан қамаған қалың банды темір жолдарды бұзды, телеграф, телефон сымдарын қиды, сөйтіп қала күресшілерінің сырттағы кеңестік күшпен байланысын үзіп тастады, күрестің бар ауыртпалығы қала ішіндегі ЧОН отрядының (Части особого назначения- ерекше міндетті әскери бөлімдер) мойнына жүктелді. Кеңестік күш жан-жақтан жәрдемге келгенше, ЧОН адамының көпшілігі аянышты қаза тапты, солардың бірі – Баймағамбет Ізтөлин еді. Қолына түскен Кеңес адамдарын, әсіресе, коммунистер мен комсомолдарды бандылар барып тұрған айуандық азаппен өлтірді. Осы азапқа Баймағамбет те ілікті. Пролетарлық төңкерісті қуанышпен қарсы алып, еңбекші халықтың жаңа тіршілігін жасауға белсенді қатысқан Баймағамбеттің жас өмірін тап дұшпандары қыршынынан қиып кетті. Оның денесін кескілеп қорлық көрсетті[33].

Ақыннан қалған өлеңдер саны тіпті аз. Оның өлеңдері сол көтеріліс кезінде өртеліп кеткен. Бұл туралы Сәбит Мұқанов 1957 жылғы «Арманды ақын» деген ғылыми–зерттеу еңбегінде былай деп жазған: «Көтеріліс мәлім боп, біз коммунистер отрядына қосылар алдында Баймағамбет маған өлеңдерін жазып жүрген қалың дәптерін қайда қоюды ақылдасты. Актарып көрсек, қалыңдығы үш елідей жалпақ дәптер өлеңге түгел толған екен. Баймағамбеттің аузынан, қаламынан шыққан өлеңдері мен фольклордан жинағандары да түгел сонда екен. Барлық көлемі, бес-алты мың жол болу керек. Есімізге Жанұзақов Жәнібек деген коммунистің үйі түсті. Әйелі – Мәриямның қолына тапсырып кетеді. Көтеріліс басылып, Баймағамбетті жерлегеннен кейін сұрастырсам, қаланы бандылар басып алған күні Мәриямға тапсырылған дәптер отқа жағылыпты. Сөйтіп, қазақ совет әдебиетінің ірге тасын қаласқан жалынды жас ақынның қымбат шығармалары өзімен бірге трагедиялық қазаға ұшырады. Сақталғаны –тек қана әркімнің есінде қалған бірен-сараны. Олардың да көпшілігі Баймағамбеттің кеңестік дәуірге дейін, ақыл-ойы марқаймаған шағында шығарғандары. 1916 жылы Пресногорьков станицасындағы орыс школасына түскен Баймағамбет Абай Құнанбаевтың баспадан шыққан өлеңдер жинағын кездестіреді [35].

Жазу жұмысымдағы менің алғашқы көрген ең зор мектебім Абай болды, -дейтін еді Баймағамбет, Абайдың өлеңдерін оқығанда,мен оған дейін жазған өз өлеңдерімнен өзім қатты ұялдым. Содан кейін жұртқа көрсеткім келмей біраз өлеңімді отқа жағып жібердім. Сол себепті Баймағамбеттің Абай жинағын оқығанға дейін шығарған көп өлеңдері жойылып, халық жаттап үлгерген азын-аулағы ғана сақталды. Ақын орыс әдебиетінің А.Пушкин, Ю.Лермонтов, Н. Некрасов сияқты классиктерін көп оқыды, олардың кейбір шығармаларын аударды. Бұл аудармалары да бандылар кезінде жойылып кетті» [29].

Қазақстан аймақтық партия комитетінің «Қызыл Қазақстан» атты журналының 1922 жылғы 13 номерінде басылған бір мақала мынадай сөздер бар еді:«Марқұм бала күнінен-ақ бір қызықты нәрсе көрсе есіне түскенде өлең қылып жаза қоюшы еді. Басылмаған «Құрылмыш» деген, бала күнінде жазған бір кітапшасы, жиған әңгімелері осы күнге шейін үйінде сақталады. Ер жеткен соңғы өлеңдерін жазып жүретін бір кітапшасы өзімен бірге жоғалып кетеді.Марқұмның сүймейтіні – өзімшілдік, парақорлық секілді нәрселер еді. Мезгілсіз ажал оғына кез болды» [29].

1921 жылы көктемде Солтүстік Қазақстанда жаңа орнаған жас Кеңес өкіметіне қарсы бандылар көтеріліс жасап, сол көтерілісті басу жолындағы қарулы күресте 22 жасында жалынды большевик талантты Баймағамбет Ізтөлин қаза тапты. Петропавл қаласында шығатын «Мир труда» газеті Баймағамбеттің өміріне арнап берген некролыгында былай жазылған: «Тағы бір үлкен қазаға ұшырадық! Колчактан қалған ақ бандыларға қарсы күресте Коммунистік партия мүшесі, туған ұлты қазақ Баймағамбет Ізтөлин ерлікпен аянышты қазаға ұшырады!.» [34].                 

Аса сезімтал, заманына үн қосқан олреволюциялық қызу істердің қақ ортасында қайнап жүрді де, ғасырлар бойы надандық тұманы тұншықтырған туған елі — қазақты оятып, білімнің жарық сәулесіне жетектеді. Оның жарқын болашаққа бастап шақырған ұраны мен осы жайында айтатын әңгімелері халқының ыстық жүрегінен мәңгілік орын алады. Ізтөлин жолдас бала шағынан қызуы лапылдаған өлендер жазған дарынды ақын еді. Жылы лепті өлеңдерін ол халқын қараңғылықтан жарыққабастауға арнады. Ізтөлин жолдас енді біздің арамызда жоқ… Қазақ халқы енді газеттердің бетінен жас ақын Баймағамбет Ізтөлиннің өлеңдерін оқи алмайды.. Сен өз өлеңдеріңмен қабіріне мәңгі ескерткіш орнаттың. Пролетариат саған тарихтан құрметті  орын береді» [35].

Осы бір некрологта Баймағамбеттің кім болғаны, қандай еңбектері барлығы айқын көрініп тұр.1919 жылы партияға кірген БаймағамбетКолчак үстемлігінен босаған елде кеңестік шараларды іске асыруға белсенді қатысты. Ол уездік ревкомның оқу-ағарту бөлімінде істеді. Бұрын үлттық мектебі болмаған, жаппай сауатсыз ауылда қазақ балаларын оқытатын мектептер ашты, халықты сауаттандыру жұмысын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Сол кезде онымен бірге қызметтес болған жолдасы Сәбит Мұқановтың айтуынша, Баймағамбет: «Қазақ халқына ызасы өткен сауатсыздықпен күресу ісін басқаруды өзіме зор мәртебелі іс көрем» дейді екен. Бірақ пролетарлық революцияны қуанышпен қарсы алып, еңбекші халықтың жаңа тіршілігін жасауға белсенді қатысқан Баймағамбеттің жас өмірін тап дұшпандары қыршынынан қиып кетті. Баймағамбеттің денесінбандылар кескілеп қорлық көрсетті. Патшалық Ресей езгісі мен халықтық күрестің қиын жолы мешеу ауыл ортасынан шықкан Баймағамбетті жасыта алмайды. Оның дәмесі, ұмтылуы, ізденуі мол. Мұны жас ақынның сол кезде жазған өлендерінің біразынан-ақ байқаймыз. «Өмірім» деген өлеңінде:

Бүйтпейін тулайын, байлаулы тұрмайын.

Үмітсіз болмайын,  ұмтылса адам зат.  Болдырмас іс аз-ақ…- деген сөздермен келешектен үміт күтеді [15].

Ақпан революциясын, патшаның тақтан құлауын Баймағамбет қуанышпен қарсы алды, Ақынның сол кездегі сезімі оның «Туғаныма» атты өлеңінде берілген. Алайда бұл өлеңнің сарынында патшаның құлауымен істің бітпейтінін түсінбеушілік байқалады. Ол ақпан революциясын «таңның атуы», «жаздың шығуы» деп ұғады. Жас ақын ұғымындағы мұндай қателіктер оның «Айым мен күніме» атты өлеңінен де көрінеді. Уақытша өкіметтің, Колчактың халыққа не бергенін кейін Баймағамбет көзімен көрді. Сөйтіп, ол 1919 жылдан бастап Колчактан босаған Петропавловскіде революцияшыл қызметтер атқарды. Ақын көзқарасындағы осы өзгеріске сол жылы жазылған «Жасасын бостандық» атты өлеңі куә. Бұл өлеңімен Баймағамбет қазақ ақындарының ішінде Қазан жеңісін, бұл жолдағы Ресей жүмысшы табының қаһармандық күресін Сакеннен кейін екінші болып жырлады:

Үш жылдай Ресей жұмыскері,
Жау жүрек, адал ниет, қайратты ері.
Астында қызыл тудың ұрандасып,
Белсеніп түсті баймен күрескелі,
Күресіп бұл күнгеше қажымастан,
Өткізіп қиыншылық күнді бастан.
Зорлықшыл қан сорғыштың көзін жойып,
Шын әділ социализм жолын ашқан[35].

Революциялық дәуірдің ертегіге тән күші көп жерде оқып, бірде-бірін тамамдамаған; көп жұмысты жеріне жеткізе тындырмақ талапта болып, бірақ тындырып үлгермеген, ой-санасы ұшқыр, ер күрескер қыршын жас Баймағамбетті екпінді сілтемімен аспан әлеміне көтерді де, сөнбес жұлдыз етіп қадап кетті! Толық жасалмаған 22 жас, басы қарпылған сансыз талап,әрекет арман, майдандасулар, оқулар, ізденістер, отты жылдар аяқталмай қалды[8].

Солтүстік облыстарда да Ыбырай Алтынсариннен кейін Кеңес үкіметінің алғашқы кезінде-ақ қазақ ауылдарында қазақ мектептерін ашу ісін ұйымдастырған да Баймағамбет Ізтөлин еді. Оның өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған алғашқы еңбек Сәбит Мұқановтың 1957 жылы көркем әдебиет баспасы шығарған «Баймағамбет Ізтөлин» атты кітпашасы еді. Кітапқа «Арманды ақын» атты ғылыми зеттеу еңбегі және ақынның өлеңдер жинағына (барлығы 16 өлең) өлеңдерге түсіндірме берілген. Жинаққа енген «Он алтыншы жыл», «Отарба», «Пысылдақ Омар», «Түннің басталуы», «Жасасың, бостандық!» — атты өлеңдерінен басқасы ақындық жолда «марқаймаған» кезінде жазылған өлеңдер еді. Осы кітапшаның өзі кезінде облысқа таралмай қалған. Бір өкініштісі, Баймағамбет Ізтөлин шығармашылығ жинаққа енген 16 өлеңімен ғана бағаланып келді. Кейін ақынның 9 өлеңі табылды. Олар: «Ана өліміне», «Жездеме», «Балапанның бәйбішесіне», «Ертең», «Оры сөзі», «Ант», «Кедей күйі», «Көк теке», «Маймыл мен түлкі». Бұл өлеңдерінің қайсысы болмасын бұрынғы өлеңдерімен салыстырсақ саяси көркемдік жағынан бір саты жоғарлағанын байқауға болады. Кейінгі өлеңдерінен Абай Құнанбайұлы,Сұлтанмахмұт Торайғыровтар шығармашылығының әсерін, орыс классиктерінің ықпалын байқауға болады [29].

Ақын «Кедей күйі» деген өлеңінде, қазақ кедейінің күйін, ауыр тұрмысын Абайдай, Сұлтанмахмұттай жырлай білген. Бірақ үш ақын кедейлерінің замандарына орай айырмашылықтары да бар. Абайдың кедейі өз заманына өкпелі екенін айтумен ғана тынса, Сұлтанмахмұттың кедейі заманға қарсылық білдіре бастаса, Баймағамбеттің кедейі қоғамды өзгертуге шақырады. «Жездеме», «Балапанның бәйбішесіне» деген сыншыл лирикалық өлеңдеріне адамдардың жағымсыз қылықтарын өткір тілмен сынайды. «Ана өліміне» деген көңіл-күй лирикалық өлеңінде көркемдік жағынан жоғары мазмұны мен түрі үйлесімін тапқан. Анаға деген сүйіспеншілігін сырлы сөздермен жеткізіледі.  «Орыс сөзі» атты өлеңінде орыс тілінің ағартушылық, білімдік қасиетін Абайша пайымдайды. Баймағамбеттің орыс классиктері шығармашылығымен таныс болуын, оларға еліктеуін «Көк теке», «Маймыл мен түлкі» деген мысал өлеңдерінен байқауға болады. «Көк теке» өлеңінде қазақтың өздеріне таныс ата малдарының мінез-құлқы арқылы өркөкірек, мақтаншақ адамдарды сынай келе, фиолсофиялық түйіндеу жасайды. «Маймыл мен түлкі» деген өлеңінде, ел басқаруға маймыл сияқты адамдарың пара беру арқылы өтіп кететінін меңзейді. Ақынның қолда бар өлеңдерінің саны әзірше жиырма бес. Өз халқының бақытты болашағы үшін күресіп,оны оқу-білімге,мәдениеттілікке шақырған, осы жолда халқына ант берген ақынның өлеңдері өлмек емес [34].

Бұдан кейін де талай өлеңдер шығарған Баймағамбет елде «Ақын бала» атанады. Оның «Ала торпақ», «Жәкі мен Құла ат» сияқты ауыл тіршілігіне байланысты шығарған қалжың өлеңдерін жастар жаттап алып, айтыпжүреді.Сейіткерейдің ықпалы, кейін Ресейдегі революциялық-әлеуметтік қозғалыстар мен оның қазақ еліне тигізген әсері талапты Баймағамбеттің ақындығын танытып, тез есейтіп, әлеуметтік сарындарға бет бұруына себепкер болады. 1914 жылы жазған «Соғыс» атты өлеңінің езінде-ақ 15 жасар Баймағамбет империалистік соғыстың ауыртпалығы халыққа түсетінін дұрыс аңғарады.Сәбит те өз елінде   «Ақын бала» атанады. Ол талай үйлерде «Зар-құм», «Сал-сал», «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты қиссаларды, батырлар жырларын жатқа айтып, жұртты аузына қаратады [35].

Ұлы Қазан революциясы туралы бірінші сөз айтқан алғашқы қарлығаштардың бірі жерлесіміз, революционер, ақын Баймағамбет Ізтөлин екенін дәлелдеп, оның саяси қызметін зерттеу өте маңызды тарихнамалық мәселе. Баймағамбет Ізтөлиннің Қазақстанның Солтүстік облысында қазақтан шыққан тұңғыш комсомол мүшесі, тұңғыш Коммунистік партияның мүшесі болуының өзі заманының озық адамы болғанын және қоғам тарихындағы орнын анықтау қажет. Сонымен қатар ол  уездік оқу бөлімінде инспектор болған кездегі халыққа  адал  қызмет еткен. Атақты жерлесіміз, революционер, ақын және халыққа білім нұрын шашқан алғашқы қазақ, кеңес ағартушыларының бірі, бүгінгі күні 120 жыл толған Баймағамбет Ізтөлиннің өмірі мен халыққа атқарған зор қызметін насихаттау өзекті болып табылады. Өз өмірін халықпен тығыз байланыстырып, халық мүдесі үшін күрескен, оның ой-тілегін, аңсаған арманын асқан шабытпен жырлап, халқының сүйіспеншілігіне бөленген ақындардың бірі – Баймағамбет Ізтөлин. Ол қазақ әдебиеті тарихында «қазақ совет  әдебиеті» деп аталған әдебиеттің көшбасшысының бірі.  Қазақстанның Солтүстік облысынан шыққан тұңғыш комсомол мүшесі, тұңғыш коммунистік партияның мүшесі болуының өзі өз заманының озық адамы болғанын және қоғам тарихындағы орнын анықтай түседі.

Топтық жұмыс

1-тапсырма «Ақпараттар сөйлейді»

  • •1-топ: Ақынның өмірбаяны жайында ақпарат беру
  • •2-топ: Баймағамбет суырыпсалма ақын
  • •3-топ: Баймағамбет пен Сәбит достығы
  • •Әрбір топ мәтіннен ақынның  өмірбаяны,  суырыпсалма қасиеттері, жазушымен достығы  туралы деректерді алып түсіндіреді.
  • •Топтар жұмыстарын өзара бағалайды 

Жеке жұмыс:

2-тапсырма  «ПТМС»

  • Позиция (Мен ………….ойлаймын.)
  • Түсіндіру (себебі ……………………..)
  • Мысалы (мұны мынадай мысал арқылы дәлелдей аламын…………..)
  • Салдар (айтылған мәселе бойынша мынадай қорытынды жасаймын)

Жұптық жұмыс:

«Венн диаграммасы»

Игібай ақынҰқсастықтарыБаймағамбет ақын
1.1.1.
2.22.