Абдолла Байтасов

Сабақтың мақсаты:

-Абдолла Байтасовтың өмір жолын біледі, ұлт үшін жасаған еңбегін анықтай алады;
-Қоғамдық-саяси қызметін бағалай біледі.

Абдолла Байтасов – алаштың арысы

Қазақстан республикасының Президенті Н.А. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш зиялылары туралы айта келіп, «…сол айтулы есімдердің білімдарлық пен азаматтық тәлімдерінде кейде көріне бермейтінде арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс. Бұл – тарих толқынындағы мәдениетіміздің кіндік тұлғалары, — деп жазды».
Осындай білімдар Алаш зиялыларының бірі педагог, ғалым, журналист, қайраткер Абдолла Байтасов еді. Оның есімін осы күнде біреу білсе, біреу білмейді.
Байтасов Абдолла Байтасұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты бұрынғы Рузаев, қазіргі Ғабит мҮсірепов ауданында Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан өнер, білімге құштар боп, ауылда оқып, зеректігі мен ұлттық сана сезімі ерте оянған қазақ жастарының өкілі еді. Білімін кеңейту үшін Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады. Сонда оқып жүргенде қазақ жастарының «Бірлік» ұйымына мүше болады. Алаш қозғалысын қолдап, қазақ комитеттерін құруға атсалысады. 1921-1922 жылдары Петропавл қаласында мұғалімдерді қайта даярлау курстарында өз еркімен оқиды және «Бостандық туы» газетінде МАғжан Жұмабаевпен бірге қызмет істейді. 1923 жылы Ташкентке келіп Қазақ ағарту институтының жұмысшы факультетінде және Қазақстан Академиясының орталығында қызмет атқарады.
1924-1927 жылдары Абдолла Байтасов Орта Азия Мемлекеттік Университетінің алдымен қоғамдық ғылымдар факультетінде, 2-ші курстан бастап Шығыстану факультетінде оқиды. Ташкентте әрі қызмет істеп, әрі оқып жүріп ол жазғы демалысын Петропавлде өткізеді. Оған жазушы Сәбит Мұқановтың «Есею жылдарында» келтірген мына естелігі дәлел: «1923 жылдың жазында үш зиялы қазақ-педагогтар, әдебиетшілер есім Байғаскин, Абдолла Байтасов, Шәкір Баймақанов Петропавлда татар саудагері Хасен Ярулиннің екі қабатты үйінің екінші қабатында тұрды. Ыбырай Сандыбаевпен Иса Байзақовты қонаққа шақырыпты. Мен де ішінде болдым».
Аталған университетте оқып жүріп, 1924-1925 жылдары студент Абдолла Байтасов Петропавл қазақ педтехникумның жанынан ашылған мұғалімдерді қайта даярлау курсында дәріс берген. Жоғарыда аталған кітабында Сәбит Мұқанов: «1924 жылы мен мұғалім Абдолла Байтасовтың үйінде болашақ академик Әлкей Марғұланмен таныстым, ол кезде ол Ленинградта Шығыс тілдері институтының студенті болатын», — деп жазды.
Ташкетте Абдолла «Ақ жол» газетінде де қызмет істеді. Сол кезде осы қалада Есім Байғаскинмен, Қошмұхаммед Кемеңгеровпен бір пәтерде тұрды. 1925 жылы Ташкентте газет тілшілерінің бүкілқазақстандық съезі өтеді. Осы съезде Абдолла Байтасовтың «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» баяндама жасағанын Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» атты кәтабында атап өтеді».
1926 жылы Абдолла жерлес жолдасы Жұмағали Тілеулиннің жұбайы Райханның сіңлісі Айша Темірбековаға үйленеді және Қызылордаға қоныс аударады. Осы шақтағы Абдолла туралы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова өзінің «Ардақтап өтем әкемді» естелігінде былай деп жазыпты:
«1926 жылдың жазы, бір күні Жүсіпбек Аймауытов Қызылордадағы біздің үйге Абдолла Байтасовты ертіп келді. Ол Дулатовтарға бұрыннан таныс, тәтемнің жан досы дәрігер Жұмағали Тілеулиннің бажасы болатын. Абдолла ұзын бойлы, талдырмаш келген, бұйра шашты, ылғи күліп көңілді жүретін әдебиетші жігіт болатын.
Ахмет Байтұрсынов ағайдың «Оқу құралы», «Қырық мысалы», тәтемнің «Есеп құралы», «Оқу құралы» (қирағат) кітаптарынан, Мағжанның өлеңдерінен, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз», Жүсіпбек Аймауытовтың «Шернияз» пьесаларынан, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасынан, т.б., балаларға арналған ертегілерден Абдолла Байтасов үзінділер оқитын. Ол нағыз артистік шеберлікпен дауысын да, кескінін де мүлдем өзгертіп, кейіпкердің бейнесін келтіріп, сөз мәнерін салып құбылтып, жандандырып оқитын. Отырғандар ризашылықтарын білдіріп, сүйсініп қабыл алатын. Ал – біз үшін әр жазушыны көріп, олардың шығармаларын оқып тыңдау үлкен бақыт, мәңгі естен шықпайтын мектеп болатын. Бұл Абдолланың жаңа ғана (Айтыкешке) Айшаға үйленген кезі еді».
Орта Азия Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Абдолла бір жылдай Қызылорда қаласында Сәкен Сейфуллин басқарып тұрған Қазақ халық ағарту институтында методист әрі оқытушы болып істейді. 1928 жылы ол Қызылордада «Ана тілі» газетінде корректор және «Еңбекші қазақ» газетінде ғылым және техника бөлімін басқарады. Сонымен бірге Ташкенттегі қазақ халық ағарту институтында оқытушы болды және Қазақстан Академиясы орталығының жетекшісі болып қызмет атқарды.
Алайда оның осындай бейбіт өмірі мен қызметі көпке бармады. Тоталитарлық режим оны 1929 жылы апрельде тұтқындады, июль айында Алматыға әкеліп, одан Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылармен бірге Мәскеудегі атышулы Бутырка түрмесіне жөнелтті. Түрмеде ол алғашқы кезде Міржақып Дулатовпен бір камерада болды, кейін оларды әр камераға бөліп жіберді.
Тексерушілер оны негізінен екі мәселемен айыптады: 1) Міржақып Дулатов басқарған жасырын ұйыммен байланыста болды деп. 2) Мағжан Жұмабаевпен бірге жасырын ұлттық «Алқа» үйірмесін құруға қатысқан деп.
«Бутырка» түрмесінде өткен азапты тергеулерден кейін оның қортындысы бойынша Біріккен Мемлекеттік саяси басқарманың 1930 жылғы 4 апрельдегі қаулысымен Абдолла Байтасов сонау суық солтүстіктегі Архангельск облысына 5 жылға жер аударылды. Әйелі Айша кішкентай ұлы Әзіммен барып бірге тұрды.
Ұзамай сол жерге Ахмет Байтұрсынов та 10 жылға жер аударылып келді. Ахаң келгенде оған Абдолла мен Айша өз үйлеріне алып көп көмектесті, өйткені жаңа келген адамға баспанатабу, азық-түлік табу өте қиын еді. Сол кездегі тұрмыс жағдайы және Абдолланың көрсеткен көмегі туралы Ахаң басқа лагерде тұрған Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, Ғазымбек Бірімжановтарға 1932 жылы 31 декабрьде жазған хатында былай деді:
«Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым, мен Архангелге 30 ноябрьде келдім… Ертеңіне Абдолланы тауып алып 17 декабрьге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Базарда азық-түлік өте қымбат.
Алып келген аз ақша әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қыр баласы (Әлехан Бөкейханов – Қ.М.) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар».
Солтүстіктің суығында бес жыл аш, жалаңаш жүдеп-жадап айдалуда болып елге оралған Абдоллаға Қазақстанда тұруға рұхсат етпей, Қырғызстанға жер аударды. Ол отбасымен Фрунзе (Бішкек) қаласына орналасып, мектепте сабақ берді. Бірақ Бутырка түрмесімен Архангелкада айдауда болғанда көрген азапты кездер оның денсаулығын нашарлатып жіберген еді. Ол көп ұзамай 1941 жылғы 17 майда дүние салды. Артында әйелі Айша, ұлы Әзім, қыздары Динара мен Фируза зар жылап қалды.
Абдолла Байтасов көрнекті ғалым, тәжрибелі ұстаз болуымен бірге білікті журналист және аудармашы еді. 1917-1930 жылдар аралығында ол «Сана», «Шолпан», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет», «Леніншіл жас», «Жас қайрат», «Қызыл Қазақстан» журналдарында, «Бостандық туы», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде көптеген публистициялық, педагогикалық, әдістемелік, танымдық және сыни мақалаларымен бірге рецензиялары және аудармаларын жариялады. Уақытында оқырмандар оның шығармалырын жылы қабылдады.
Осындай зиялы, білікті де алаш қайраткерінің есімі бұл күнде көп аталмайды. Ал оның өз өмірінде (40 жыс) еліне, туған халқына жасаған еңбегі мол. Оның шығармашылығы, адамгершілігі, досқа адалдығы, қайырымдылығы, отан сүйгіштігі қазіргі және болашақ жастарға үлгі өнеге болуға тиіс. Оны мәңгілік есте қалдыру үшін баспасөзде бұрын жарияланған еңбектерін жинап жеке кітап шығарған дұрыс болар еді. Оның туған жерінде көше аты берілсе, ондағы мектепте музей жабдықталып ашылса құба-құп.

Топтық жұмыс

1-тапсырма: «Ақпаратты сүзу»

  • 1-топ: Абдолла Байтасовтың өмір жолын білу
  • 2-топ: Абдолла Байтасовтың ерекше қасиеттерін анықтау
  • 3-топ: Абдолла Байтасовтың қоғамдық –саяси қызметін сипаттау
  • Әрбір топ мәтіннен ақынның өмірбаяны, қоғамдық-саяси қызметін түсіндіреді.
  • Топтар жұмыстарын өзара бағалайды

Жеке жұмыс:

2-тапсырма«ПТМС»

  • Позиция (Мен ………….ойлаймын.)
  • Түсіндіру (себебі ……………………..)
  • Мысалы (мұны мынадай мысал арқылы дәлелдей аламын…………..)
  • Салдар (айтылған мәселе бойынша мынадай қорытынды жасаймын)

Сабақты қорытындылау «Жіңішке-жуан»

Жаңа тақырып бойынша жіңішке-жуан сұрақтарын бір-біріне қойып жауап алады.
Жаңа тақырыпты бекітеді.