Сабақтың мақсаты:
Тоқсан би туралы деректерді оқиды, мәтінді талдайды;
Бидің ерекше қасиеттерін бағалайды.
Тоқсан би — Қызылжар өлкесінің дара тұлғасы
Еліміздің терістігінде орын тепкен Қызылжар өңірінде Қожабергеннен басқа да қағымда сөз зергерлеп, көкірек көзі қиядығыны шалатын, ойы ұшқыр, от ауызды, орақ тілді шешендігімен дараланып, әрдайым халық көңілінен шығып отырған Тоқсан би, Әлдеке би, Шығарай, Зілғара, Мүсіреп, Қозыбай, Құрымсы, Жарылғамыс секілді қара қылды қақ жаратын би-шешендер өмір сүргені аян.
Солардың ішінде ел-жұртының бірлігі мен ынтымағын, әр түрлі әлеуметтік топтар арасындағы тепе-тендікті сақтап, ел арасында туындаған дау-дамайды, талас-тартысты қазақ қоғамында қалыптасқан әдет заңының білгірі ретінде өзінің орақ ауызды шешендігімен әрқашан әділ шешіп отырған терең ақылдың иесі «Дала билігінің дара тұлғаларының» бірі қасиетті Қызылжар өңірінің Жамбыл ауданындағы қазіргі Қарағаш ауылында дүниеге келген Тоқсанның билігіне тоқтала кеткен жөн.
Тоқсанның ұлы атасы – Қара би Керей руының аузы дуалы атақты биі болған, кезінде қазақ тарихында аты шыққан Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билермен тұстас ғұмыр кешсе, әкесі Жабай Абылай ханның мыңбасы батырларының бірі. Ер Жабайдың батырлық жорықтарын – Үмбетай, Бұқар, Ақтамберді, Жанақ сияқты ақын-жыраулар өздерінің жыр-дастандарына арқау еткен.
Осындай текті жерден шыққан асылдың сынығы- Тоқсанның дүниеге келуіне орай әңгіме- шежірелерде мынадай аңыз бар.
Тоқсанға аяғы ауыр болған шешесі бір күні сыртқа шығып тұрса, атына мінген Қара би келе жатады. Сонда жанында тұрған енесіне : «Шіркін-ай, атамның атының құлағын жесем ғой!» — деп тамсанады. Бұны естіген Қара қатты қуанып : «Иә, аруақ! Бұл туатын бала жай болмайды,- деп, атын бауыздатып, келініне құлағын жегізген екен. Сол дүниеге келген сәбидің есімін атасы Қара би- Тоқсан деп қойыпты.
Кезінде Тоқсан бидің есімі қара қылды қақ жаратын тура би ретінде үш жүзге тараған екен. Алайда, оның сөздерінің көпшілігі бүгінгі күнге жетпеген, тек кейбірі ғана ұрпақтарының, құйма құлақ қарттардың есінде қалып сақталған. Солардың ішінде бүгінге жеткен бірнешеуіне тоқтала кетейік:
Қара бидің баласы Жабай би өлерінде екі баласы Сексен мен Тоқсанға: «Сексен, саған ерлікті, Тоқсан, саған әкем Қара биден қарған билікті бердім», — деп өсиет айтып кеткен екен.
Сексен мен Тоқсан әкесі өлген соң, ақыл- кеңес сұрауға қартайып жатқан Қаз дауысты Қазыбек биге барады. Жөн сұрасып, жағдайға қаныққаннан кейін Қазыбек : «Ел бастап – би, қол бастап батыр болғалы тұрған ұл екенсіндер. Бір-екі ауыз сұрағым бар, соған жауап беріңдер», — деп: «Күнде не парыз, айда не парыз, жылда не парыз, қарашаға не парыз?» деген сауал қояды. Оған Сексен жауап бере алмайды, сонда Тоқсан іркілместен: «Күнде бес уақыт намаз парыз, айда отыз күн ораза парыз, жылда құрбан шалу парыз, ханға халықты тең ұстау парыз, қарашаға ханды хан тұту парыз», — деп жауап берген екен.
Тоқсанның тапқырлығына риза болған Қазыбек би: «Шарағым тым жоғарылама, аспанға асыларсын, тым төмендеме, аяққа басыларсын, орта бол, орта болсаң әлі-ақ санатқа қосыларсың», — деп ақыл-кеңесін, батасын беріпті.
Жалпы қазақ арасында билер мен шешендерді шендік тұрғыдан алғанда біртұтас қарастырмаған. Шешендер сөз дарына бойынша ақындыққа, суырыпсалма жырға жақын тұрғандықтан оларды, «от ауызды,орақ тілді» деп дәріптеу тура биліктен гөрі, тіл шеберлігіне қатысты айтылады. Ал билерде әрі шешендік, әрі билік, қазылық қасиеттер қатар дарыған. Не бір қиын-қыстау кездің өзінде де бабаларымыз жер қайысқан қолға тоқтамаса да, орнымен айтылған бір ауыз сөзге тоқтаған, сабырлылық танытқан, сол кезде билік айтқандар сөз мәйегін түптеп тартқан шешен болған. Тоқсан бидің бойынан тап осындай қасиеттердің бәрі дерлік табылған.
Атақты Киікбай шешен Тоқсанның әділ, өткір би-шешен болатынын жас кезінен-ақ болжаған және оған улкен үміт артқан екен. Тоқсанның шынында да жастайынан билікпен атағы шыға бастайды. Сондықтан ол сонау Семейге үш жүздің тәуірлері бас қосқан жесір дауына шақырылады. Ұлы жиында ақсақалдар мен жақсылардың, атақты билердің тойында бірінші рет сарапқа түскелі тұрған жас Тоқсан Киікбай шешен атасына ақыл сұрауға, әрі батасын алуға келеді. Киікбай: …Ардақты атаң Қара би, Үш жүзге мәлім дара би.
Жабай әкең тағы би, Күміс көмей, жез тандай,
Қаусырып тұрған жағы би.
Сарабында үш жүздің Аруағы қонып атаңның,
Сен болғайсын сана би, —
деп толғаныпты да, сәл бөгеліп барып, әрі қарай былай деп жалғастырыпты: «Айтқан сөзің құрған қақпандай болсын, Суықтығың ақпандай болсын. Қанды ауызға түскеннің қанын шығар», — деп аталық ақылын айтса керек.
Тоқсан би Семейде өткен сол ұлы жиындағы дауда небір саңлақтарды сүріндіріп, сөзден тоқталып төбе билікке ие болыпты, жүзден жүйрік атанып, олжалы болып оралады. Жай оралмай батасын алған Киікбай атасына жол- жоралғысын ала келіп, ризашылығын алады.
Тоқсан би жасынан ер аралап, игі жақсылармен жүздесіп, олардың ғақлия сөздерін жадында сақтап, өзі де билік айтып, сөз сайыста сынға түсіп, сөз өнеріне ерте бойлаған. Алғашында әкесі Жабай бидің қасында жүріп шешендік өнерді, билік құруды уйренсе, кейін тарихта белгілі орны бар Құнанбай, Қыпшақ Ізбасты би, Нұрым төте, Киікбай, Қалқаман билердің үлгі-өнегесін, тәлімін алған. Үлкендердің берген батасы дарып, сөз машығының майталмай жүйрігіне айналған. Оған Тоқсан бидің Ізғұтты бимен айтысы дәлел:
Бірде Қостанай облысының Аманқарай елді мекеніне үлкен барымта дауын шешуге Керей-Уақ, Арғынның билері мен шешендері түгел шақырылады. Жердің шалғайлығынан Тоқсан би жиынға кешігіп келеді. Басқ билердің «Дауды Тоқсансыз-ақ шеше берейік» дегендеріне ел жақсылары көнбейді.
Кешігіп жеткен Тоқсанды бұрын-сонды көрмеген Арғынның Ізғұтты биі:
«Тоқсан, Тоқсан» деп жер-көкке сыйғызбай мақтаған билеріңнің түрі мынау ма!? Томағадай бірдеңе ғой мынауын», — деп денесі шағын ғана, бойы кішкентай Тоқсанның берген сәлемін де алмай теріс қарапты. /Ізғұтты бидің өзі денесі зор, киіз уйдің есігінен әзер кіретін дәу кісі болса керек/.
Сонда Тоқсан би:
-Томаға тоғыз жұмыртқалайды.Біреуі ғана бұлбұл болады. Кесіртке сегіз жұмыртқалайды, біреуі ғана бүйі болады. Томаға болсам – бұлбұл шығармын, кесіртке болсам – бүйісі шығармын. Ал, денесі ірі ешкілер егіз, ит сегіз, шошқа – тоғыз табады. Сен қайсысына жатасың? «Малдың үлкені соғым, адамның үлкені – боғым»-деген екен.
Ал аталмыш барымта дауын Тоқсан би бір ауыз сөзбен шешіп, сый-сыяпатын алып елге оралыпты.
Тоқсан би ақылды, парасатты, алдын болжай білетін әрі әділдігімен қатар өте қадірлі,беделді адам болған. Керейлер «біздің Тоқсан би » десе, Қарауылдың қариялары «Е, біздің Тоқсан ғой» деген. Төрт рулы елде Тоқсан келмей сөз басталмайды, ас тартылмайды.
Өз қатарынан өнерін асырып, жүйрік санатына енген Тоқсан би дәуір шындығын ақтарып, заманның ұнамсыз сиқын батыл сынаған, жақсы – жаман әділ безбендеген, ел өмірі, қоныс кұты сияқты мәселелерді дұрыс көтерген. Өз руын басқару ісіне жастай араласып, өмір құрылысы мен дүние зандылықтарын, әлеуметтік жағдайды, қоғамның мақсат-мүддесін, адам тіршілігін түсіне білген. Атығай – Қарауыл елдерінде өмір зандылықтарынан дұрыс қорытынды шағарып, басқаларға тән әдетпен суырып салып тқпапқтап айтып отырған. Оның сауаттылығы туралы нақты дерек болмағанымен, бидің есепсіз сөз айтпайтыны, халық даналығын дәл, әрі орынды қолданатындығы оның аса білімді екенін мойындатады. Мәселен,
«Бұлбұлдан шешен құс жоқ,
Бармақтай-ақ қарасы.
Оқтан жылдам ажал жоқ,
Тырнақтай-ақ жарасы.
Көңілің қалса жақыннан,
Алыстығын айтайын –
Жер мен көктей арасы, — дегеніндегі тауып алған сөздер мен ұйқастар кімді болсада таң қалдырмай қоймасы анық.
Патшалық Ресей 1822 жылдан бастап хандық құрылысты жою үшін Орта жұз қазақтарын басқару жөнінде ереже шығарғанға дейін тоқсан би солтүстік- батыс қазақстарының төбе биі болды. 1830 жылы Аманқарағай дуаны құрылғанда Еменәлі Керей болысының билігін қолына алды. осы кезенде қазақтын бетке ұстар би-шешендері, төре-сұлтандарының арасында патшаның сойылын соққандар аз болған жоқ. Тоқсан би осы жағдайда орыс отаршылдығына қарсылғын ашық көрсетті. Оны біз «Тоқсан би айтқан сөздері» деген халық арасында тараған ауызша тарихнамасынан аламыз. Мәселен, өзінің ұлы Доғалаққа айтқан нақыл сөздері бізге жеткен «Доғалақ болыс дегенше – орыс болды десейші. Ғаріп пен ғасірге қорыс болды десейші…» — деген екен. Тоқсан би аты шығып, елге таныла бастағанда әкесі Жабай бидің тұсында шешілмеген бірі алты, екіншісі жеті жылғы есі дауды даулап Төле бидің ауылына барады екен.
Төле бимен мәмлеге келген сон, ол Токсан бидің тілегін орындап, сыйлап жіберген екен. Тізбелей берсек, «Тоқсан бидің Нұрым төреге айтқаны», «Тоқсан бимен Құнанбай», «Тоқсан бимен Қазаңғап бидің айтысы», «Тоқсанның Қазыбек биге жүгінуі» сияқты Тоқсан бидің сөз шеберлігі мен ой ұшкырлығын, орақтай орып түсер тіл өткірлігің, білімділігі мен қайырымдылығын, турашылдығын айғақтайтын құнды дүниелерінен сусындап, жаңға рахат алуға болады.
Осындай тарихи тұлғалардың қатарына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылту ауданы жерлерін мекендеген Әлдебек биді де жатқызуға болады. Әлдебек бидін әкесі соқыр Абыз Қаракерей тайпасынан көріпкел әулие, ақылшы көсемі, биі болыпты. Соқыр Абыз емдеген ауру кесел құлан-таза жазылып кетеді екен. Абыз биден туған әлдебек те әке жолын куады, өткір тілді, оның бірен-сараң ел аузында қалған шешендік сөздері мен кесімді биліктері ғана сақталған. Абылай ханмен тұстас өмір сүрген.
Абылай хан жасы алпыстан асқанда, өзінің қалмақ әйелінен тұған баласы Қасым төрені орнына хан сайлатпақ болып, қарармағындағы би, болыс, ақсақалдарды ордасына шақырады. Қарақерей жағынан басты адамдары. сонын ішінде әлдебек би де кешігіп еледі. Қасым төреге бұл ұнамайды, жасы әкесімен қатар әлдебеектің көзінің қылилығ мен аяғының ақсақтығын кемітіп: «Ауыздағы сөз бермей, аттылыға жол бермей отырған мына соқыр кім еді?» — депті. Сонда Әлдебек биді бұл сөзге шыдамай:
Менің атым Әлдебек, сөйлер сөзім әлі көп.
Жан-жағына қарашы, хан бір адам, қара көп.
Хан сайласақ, Қасым-ау, Орта жүздің ішінде,
Сендей-сендей кісі көп…….,
Болмай жатып басынды, хан болып елді ұстай ма,
осындай долы, ашулы?
Кірсіз көктегі ай, мінсіз бір құдай – деп, оның инабатсыздылығын бетіне басса, Абылайдың хандығын сескенбей:
Уа, Абылай хан ием, Хан соқыр болса, халқы қор болады.
Қара соқыр болса, ақылы мол болады. Инабатты кісіден хан сайласақ,
Көпке тиіп пайдасы, әділеті зор болады. –деп қасымды хан сайлауға қарсылығын ашық білдірген көрінеді. Әлдебек би жиналған халыққа хан болу үшін елдің қамын ойлайтын, парасатты, ұстамды, таза болу керек екендігін ескереді. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» демекші, Абылай хан Әлдебектің бұл сөзін тындап, хандыққа қасымды емес үлкен ұлың Уәлиді сайлатқан екен.
Әлдебек би сондай-ақ небір сараң байларды да өзінің өткір тілімен түйреп, көп алдында пікірін айта білген. Мысалы, халық аузында сақталған деректер соның дәлелі. Балтабай бай әрі би болсада, өзінде бар нәрсені азсынып, басқалардағы көпсініп отыратын адам болыпты. Сонымен қатар, үйіне қонақ қондырмайтын сараң болыпты. Бірде ұрланған малды даулап Әлдебек би оның үйіне түседі. үстіне киген киімі көнетоз Әлдебекті Базарбай менсіңбей, дұрыс қабақ танытпай, мүшесіз, өлі етті асып береді екен. Сонда Әлдебек шешен былай депті:
Тамағын тамақтан өтпей отыр, дәметкен жұрт кетпей отыр.
Уыстан асатайын десем, табағындағы ет жетпей отыр.
Ризамын етке, наразымын ниетке.
Оны түсінген Балтабай енді марқа қозы алдырады.
Әлдебек би қозыға қарап:
Қойынды қойшы оңдап бақпаған ба,
сауыншы жебеп сауып қақтаған ба?
Әлде бұл маңырамай жолда адасып,
бейшара енесің бір таппаған ба?
бұрын келген конаққа соймай мұны,
әдейі Әлдебекке сақтаған ба? – депті.
Елге масқара болудан қорыққан Балтабай би, оны үйіне қондырып, құлын сойып күтіп, дауын шешіп аттандырған екен.
Сонымен, Солтүстік Қазақстан өлкесінде даулы мәселерді түйінді төрт ауыз сөзбен тындырып отырған дара тұлғалар – билер мен шешендер болған. Биліктің барлығы ауызша, ешкандай сотсыз, даусыз, соғыссыз, түрмесіз-ақ жүзеге асып, бітіп жатқан. Билердің шешімі ешқандай құпиясыз, алдын-ала ымыраласусыз, жариялы түрде атқарылған. Бұқара халық оларды қара қылды қақ жаратың әділдігі, турашылдығы үшің ханнан артық қадірлеп, сыйлап өткен.
Ата бабалардан үзілмей келе жатқан әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді, жөн-жосықты жете білуімен бірге ұлы тұлғалардың, жерлестеріміздің өмірлік тарихын зерттей білу керек. Демек, артында бөзі қалмай, өнегелі ғұмыры мен сөзі қалған, барша халыққа шамшырақ болып көзі қалған осындай би-шешендеріміздің жақс ыаттары жаңғырып, жайсаң жандардың бізге жеткен жарқын үлгілері қазіргі заманда да жас ұрпақтың кәдесіне жарап, жақсы өнеге болып қала берсің.

1-тапсырма: «Ақпараттар сөйлейді»
- Топтық жұмыс
- 1-топ: «Би» сөзінің мағынасын түсіндіріңдер
- 2-топ: Тоқсан бидің өмірбаяны туралы мағлұмат береді
- 3-топ: Тоқсан би мен Киікбай шешен
- Әрбір топ мәтіннен би өмірбаяны, қасиеттері туралы деректерді алып түсіндіреді.
- Топтар жұмыстарын өзара бағалайды
Жұптық жұмыс:
2-тапсырма «3/3/1»
- Тоқсан бидің ерекше қасиеттерін 3 сөйлеммен бағалап, ойларын түйіндейді.
- 3 сөйлемнің ішінен 3 негізгі сөзді анықтайды.
- 3 сөздің ішінен Тоқсан бидің ерекше қасиетін ашатын 1 сөзді табады.
Жеке жұмыс
3-тапсырма: ««Венн диаграммасы»»
Қожаберген жырау | Ұқсастықтары | Тоқсан би |
1. | 1. | 1. |
2. | 2 | 2. |
«Әріптестер»
Оқушылар сынып ішінде жүріп, сәйкес келетін сұрақ пен жауапты іздейді

Үйге тапсырма
Тоқсан би туралы баяндама дайындау
Кері байланыс
«Мұғалімге хат» әдісі
Бүгінгі сабақтан алған әсерлері туралы шағын хат жазады.
