Сабақтың мақсаты:
Игібай Әлібаевтың өмірбанымен, айтыскер ретінде қалыптасу тарихымен танысады;
Игібай Әлібаевтың өнерін бағалайды,мәтін талдайды.
Айтыстың ақтаңгері — Игібай Әлібаев
Баласы Әлібайдың Игібаймын,
Гүлбақшада сайраған бұлбұлдаймын.
Домбырам екі шекті жан серігім,
Алуан түрлі ән салам, жаңылмаймын, — деп осы бір шумақ өлеңмен өзінің бар болмысын көрсете білген арқалы ақын, асқақ әнші Игібай Әлібаев. Ол 75 жасында дүниеден өтті. Сол жылдары сонау балалық шағынан бастап қаншама өлең шығарып, қаншама ән айтты десеңізші! Оның балалық шағы қиыншылықта өтті. Ол туралы ақын «Албырт шақ есімде» деген өлеңінде:
Албырт күн әлі есімде бала шағым,
Тұманды сияқты еді, бұлар сағым.
Түн күзет, күн бақташы елден жырақ,
Көре алмай, аңсап-талып қызықтарын,-
деп есіне алған болатын.
Игібай Әлібаев төкпе ақын, асқақ әнші, өз өлеңдеріне өзі ән шығаратын сазгерлігімен бірге асқан суырып салма айтыскер ақын еді. Бүкіл қалың ел оны айтыстың ақтаңгері деп бекер атамаса керек.
«Ақынның көпшілік көзіне ақын боп танылуы тез тапқырлығымен сөзінің өткірлігінде. Қысқасы, ақынға ақындық атақ әперетін поэзия жанры, көбінесе, «айтыс». Айтыста озған ақын халық алдында ақындыққа мандат алады. Бұл мандаттың жазылатын қағазы – халықтың жүрегі. Ақын халықтаң жүрегінен ең сүйкімді, халыққа ең ардақты адамның қатарында тұрады», — дейді академик жазушы Сәбит Мұқанов «Айтыстар туралы» деген еңбегінде. Игібай Әлібаев осындай халықтың жүрегінен орын алған айтыскер ақын еді.
Игібай Әлібаевтың айтыскерлік өнері әсіресе облысымызда көп жылдардан кейін 1957 жылы сол кезде облыста идеология жұмысын басқарған белгілі қоғам қайраткері қазақ өнерінің жанашыры Ілияс Омаровтың ұйымдастыруымен қайта жанданған ақындар айтысында көзге түсті. Осы айтыста ақын:
Менің атым Игібай,
Сөзге терең, тілге бай.
Дәл осылай деуші еді
Ақын ағам Молдабай, — нөсерлете термелеп, мөлдір жырларын жарқылдата шығып еді сахнаға. Сол жолы ол өзі тұрған Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданының намысын қоғап жүлделі орынға ие болды. Сол жылы Игібай Әлібаевқа өзінің әріптестері Ахметжан Нұртазинмен Темірғали Хасеновпен бірге облыстың халық ақыны атағы берілген болатын.
Бұдан кейін осы дәстүрлі халық өнері облысымызда кең тарады. Айтыс совхоздар, аудандар арасында өткізіліп, олардың женімпаздары облыстық айтыстарға жолдама алып отырды. Осындай айтыстың бірі Октябрь (Шал ақын) ауданындағы Новопокровка және «Заря» совхозының ақындары – Ахметжан Нуртазин мен Игібай Әлібаевтың айтысы болды. Сол кездегі дәстүр бойынша екі ақынның да өлеңдері өз ұжымының табыстарын мақтап, қарсыласының кемшіліктерін сынауға бағытталды. Мұндағы мадақтау өз ұжымының адамдарын жалаң дәріптеу үшін емес, қоғамға пайдалы еңбегімен көзге түскен ерлерді, озық табыстарға жеткен ұжым мен оның мүшелерін, олардың азаматтығын көрсету үшін айтылды. Сонымен бірге айтыс сын мен өзара сын құралы ретінде де пайдаланылды. Ұжымда орын алып отырған кемшіліктерді, ұжым жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай отырған басшыларды, еңбекке қырсыздарды өткір сыншылықпен әшкерелеп, қарсы жақты олқылықтарды жоюға бағыттап, істі алға бастыруға шақырып отырды.
Мысалы осы айтыста Иекең:
Айтыс деген жүректі тербетеді,
Еліміз әділ сынмен ер жетеді.
Күшейсе елімізде өзара сын,
Көздеген нысанаға қол жетеді, — деп, сын мен өзара сынның елдің ілгері басуына пайдалы екенін көрсетті.
Игібайдың өзге ақындардан өзгешілігі – айтыс үстінде өзі суырып салып шығарған өліңін нақышына келтіре шебер орындап, асқақ дауысына күмбірлеген күміс үнді домбырасымен үйлесіп жататын еді.
Игібай Әлібаевтың өлеңдерінде не бір әдемі сөз тіркестері, биікке қол созып, алысқа құлаш ұрған хылқымыздың өршіл ой-арманын көрсететін түйінді афризмдер мен мақал мәтелдер, әр алуан іс пен көңіл күйлерінің көріністері сөз өрнегіне құйылтатын. Ол айтыс ұстінде жұртшылыққа нәрлі сөзімен, асқақ әнімен ғана емес сонымен қатар артистік шеберлігімен де ұнайтын.Оның осындай ерекшелігін айтыс кезіндегі қарсыластары да мойындайтын.Бірақ ол қарсыластарын жөнсіз сынап тұқыртпайтын,қайта оларды қоғамдағы кемшіліктерді сынап, еліміздің өркендеуіне ат салысуға шақыратын.
Сондықтан да болар 60 — 70 – жылдардағы айтыстарда халық ақыны Игібай Әлібаев көбінесе ақындар айтысын өлеңмен ашып беріп отырды.
1960 жылғы шілде айында Қазақ ССР-ның 40 жылдығына арналған облыстық айтыс Петропавл қаласының сол кездегі циркінде өтті. Оған облысымыздың 7 ауданының ақындары қатысып сайысқа түсті. Осы айтысты Иекең мынадай жалынды жырымен ашты:
Құттықтап жырмен бүгін 40 жылды,
Әніммен қарсы аламын жұртшылықты.
Бағында Отанымның өткен шалқып
Жаны дос,жақын туыс, барлық жұртты.
Білгенге бұл айтыстың жөні басқа,
Толғанда туған елім 40 жасқа,
Кеңінен құлаштаңдар, ақын достар,
Ақтарып алтын жырдың ауызын ашта, — деп ақын әріптестеріне сөз тастады.
1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығына арналған облыстық қазақ өнері күнін филармония ғимаратынада облыстық мәдениет басқармасының бастығы Сейпіл Уақпаев кіріспе сөзбен ашты. Ал сол өнер мерекесінің бір бөлімі ақындар айтысын халық ақыны Игібай Әлібаев бастап берді.
Көліндей Көкшетаудың өлең-жырға,
Ақындар жиналыпты бүгін мұнда.
Дауысымды көтеремін асқақ шыңға,-
деп жұртты бір сілкіндіріп өзіне қаратып алып, Иекең:
Бұл айтыс ата-баба берген мирас,
Қашаннан құрметті де қатты қимас.
Бірақта құйылатын арнасы бір,
Сондықтан ақындарым құптас,сыйлас, —
деп жиналған қауымға айтыс туралы,ақындар туралы қысқа да нұсқа түсінік беріп кетеді. Одан әрі:
Айтыспен талай ақын сырын шерткен,
Мен едім ұстаз болып, жастарды ерткен.
Сөйлейік, уа, жолдастар, бүкпелемей ,
Жүр едік сағынысып көрмей көптең, —
Деп енді тура ақын әріптестерін айтысқа шақырады.Және өзінің жас ақындары баулап жүрген ұстаз екенін де білдірді. Бұл айтысқа майталман ақындар Иекеңнің замандас әріптестері Ахметжан Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Темірғали Хасенов, Уахит Темірбеков, Зияда Сәрсембаев, Әшім Мендібаев, Қаһарман Жантасовпен бірге сол кездегі жас ақын Иекеңнің шәкірттерінің бірі Кеңес Тынымбаев та қатысқан болатын.
Иекең 1971 жылы жыр алыбы Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына байланысты республикалық ақындар айтысына қатысты. Талай рет айтысқа шығып облыстық, облысаралық, республикалық бәйгелердің жүлдегері болды Оның айтыста айтылған өлеңдерінің мәтіні кезінде баспасөз беттерінде басылып,радиодан,теледидардан беріліп тұрды.Иекең өмір бойы ізденіс үстінде болды, ақындық, әншілік шеберлігін шындаудан жалыққан емес. Ол тіпті жетпіске келген шағында да ақындық, әншілік, айтыскерлік өнерін тоқтатқан жоқ, қайта өзін өзі қайрап, шабытына шабыт қосып, шеберлігін шындаумен болды.
Бұған оның «Жетпістің толғауы» атты өлеңі куә:
Жетпіске келген жасым бар,
Күмістей сақал, шашым бар.
Мәңгі өшпейтін кеудемде ,
Жыр деген бір асыл бар.
Әніммен көңіл жұбатқан
Өтті талай асулар.
Халқым сүйіп ұнатқан ,
Жырымда толқын тасу бар.
Қуаныш, бақыт, шаттығым,
Бір басымда жеткендей.
Қартайдым деп тап бүгін
Ойым жоқ жасып кеткендей …
Тағы бір өлеңінде ақын:
Жетсе де жетпіс өтіп сексенің де,
Келтіріп мұнанда егде, көксе күнге.
Қоя алман өлең-жырды, тоя да алман
Қоярмын тек үзіліп кетсем мүлде, — дейді . Шынында да ақтық демі біткенше Иекеңнің қаламы мен домбырасы қолынан түскен жоқ еді. Оның осындай ерен еңбегі қазіргі жастарға зор үлгі ,өнеге.

Топтық жұмыс
1-тапсырма: «Деректер сөйлейді»
- 1-топ: Ақынның өмірбаяны туралы мағлұмат береді
- 2-топ: Ақын болып қалыптасу тарихымен танысады.
- 3-топ: Ақынның ерекше қасиеттерін анықтайды
Жеке жұмыс:
2-тапсырма «Он сұрақ»
Маңдайына сөз жапсырылған оқушы сыныпқа 10 сұрақ қоя алады. Оған жауап не иә не жоқ деп беріледі.Жасырынған сөзді тауып алуы керек.
Жұптық жұмыс:
3-тапсырма «Тарсия»
- Оқушылар сұраққа сәйкес жауапты тауып құрастырады. Құрастырғанда геометриялық фигура шығару керек.
Сабақты қорытындылау «Әріптестер»
Оқушылар сынып ішінде жүріп, сәйкес келетін сұрақ пен жауапты іздейді

Үйге тапсырма
Игібай Әлібаев қосымша мағлұматтар білу
Кері байланыс
Оқушылардың кері байланысын тыңдайды.
«Wordwall» әдісі
Нені білдім, нені үйрендім?
Нені толық түсінбедім?
Нені білгім келеді?
