Солтүстік өңірдің тарихи тұлғалары

5-9-сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының «Өлкетану» бөлімі негізінде құрастырылған.

8-сынып оқушыларына арналған.

Бағдарлама мақсаты

Тарихи тұлғалар туралы деректер негізінде мәтін талдау дағдыларын дамыту

Бағдарлама жаңашылдығы

Курста жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу бағдарламаларына енгізілмеген солтүстік өңірдің тарихи тұлғалары жөнінде материалдардың берілуі.

Бағдарлама өзектілігі

Жалпыадамзаттық «өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» қағидасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан мектептерінде «Тарихи тұлғалар» элективті курсын енгізіп оқыту Отан тарихын тарихи тұлғалар арқылы тануға негіз болар еді. Бұл – бағдарламаның өзекті мәселесі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде қоғамдық сананы модернизациялау  жобалары тұлғатану саласына дем бергендей.  Рухани жаңғыру әр азаматтың кіші Отаны-туып өскен өлкесін, тәуелсіздігіміздің жаршысы болған ерлерді зерттеуге бағытталған. Осыған байланысты «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын ашу, «Ұлы даланың тұлғалары», «100 жаңа есім» ғылыми көпшілік серияларын шығару, өлкенің беймәлім болып келген тұлғаларын зерттеп, насихаттау қолға алынуда.Тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғыртуға, ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға ат салысу қажет. Билерді, батырларды, қазақ зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерінің есімдерін, еңбектерін білу өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттырады, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырады. Есімдері мен еңбектері қайта жаңғырып аталуы керек тұлғалардың қатарында Солтүстік Қазақстанның тумалары, батырлары мен жыраулары, Алаш қайраткерлерінің саны жеткілікті. Қоғамда ұлттық зиялы қауым өкілдерінің, саяси қоғам қайраткерлерінің, тіпті ел ішінде танымал болған белгілі қоғам қайраткерлердің есімдері ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңынан басталған кеңестік жүйенің арнайы жүргізген саяси іс-шараларының құрбаны болып кете берді. Кеңестік тарих төңкеріске дейінгі жекелеген ұлттық тұлғалардың өмір жолдары мен азаттық жолындағы күресі мен ұлтына арналған қоғамдық саяси қызметтерін өмірге жанаспайтын ұғымдар тұрғысынан қарастырды, зерттеуге тыйым салды, ал зерттеле қалғандары сыңаржақ бағаланып, тарихи шыңдық тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да тарихтың бұл беттерін қайта қарастырып, солтүстік өңірдің тарихи тұлғаларының  өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметтері туралы тарих саласында осы күнге дейін толық, арнайы түрде зерттелмеген тұстарын кешенді түрде ашып көрсету тақырыптың өзектілігі болып отыр.

Бағдарлама міндеттері

  • Тарихи тұлғалар туралы  деректермен таныстыру;
  • Оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері арқылы мәтіндерді талдау;
  • Тарихи тұлғалар туралы деректермен түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындату;
  • Әрбір тұлға бойынша зерттеу жүргізіп, тұлғалардың тарихты жасаудағы рөліне баға беру;
  • Тұлғаға қатысты деректерді талдау дағдысын жетілдіру

Күтілетін нәтиже

  • Тарихи тұлғалар туралы деректермен танысады;
  • Мәтін талдау әдістерін біледі;
  • Тарихи тұлғалар туралы деректермен түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындайды;
  • Әрбір тұлға бойынша зерттеу жүргізеді, тұлғалардың тарихты жасаудағы рөліне баға береді;
  • Тұлғаға қатысты деректерді талдау дағдысы жетіледі

Өткеніміздің бәрі — тарих, тарихтың бәрі — тағылым.