Сабақтың мақсаты:
Батырдың өмірбаяны туралы деректерді оқып, мәтінді талдау.
Батырлық ерлігін бағалау, ерекше қасиеттерін анықтау.
Ел намысын қорғаған Андықожа батыр
Андықожа батыр Орта жүз Арғын ішінде Атығай руынан, оның ішінде Қойлы Атығай – Құдайқұл – Әлмәмбет. Әлмәмбеттен Андықожа батыр туады. Туған топырағы Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Бейнетқор ауданы «Үшқызыл» колхозының шығыс жағында 3-4 км жерде, атамекені «Қаршығаұстаған» деген қалың шұбар бауырында 1672 жылы дүниеге келген. Облысымызға белгілі азамат Қаскеев Ғазездің айтуынша Андықожадан – Жабағы, одан – Төлек, одан -Малдыбай, одан –Естай, одан- Қаскей, одан Ғазез. Сонда Ғазез Андықожа батырдың алтыншы ұрпағы болып табылады.
Андықожа батыр Абылай ханның бас қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлармен достығы берік, үзеңгелес жолдасы болған көрінеді.Олар Андықожа батырдың табандылығын, ерлігін, батырлығын зор бағалаған. Абылай хан Қызылжарға алғаш келгенде Андықожа өзінің 40 сарбазымен күндік жерден Жолдыөзек бойында қарсы алып, жол бастап отырған.
Сібірдің үскірік аязына, жаздың аптап ыстығына шыныққан төзімді, жаужүрек сарбаздарын басқарған Андықожа батырға жаугершілік заманда Абылайдың қолбасшысы Бөгенбай батыр күні бұрын хабар беріп, шақыртып алып, ұрыстың ең қиын, ең жауапты тұсына жұмсайтын болған. 1726 жылы Бұланты өзенінің бойында қазақ жасақтарының оң қанатын Андықожа басқарған Атығай сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарған көрінеді. Сонда Бөгенбай батыр: «Андеке, өзіңе разылығым бұрын да, осы жолы да өз алдына. Бұл жолғы жігіттерінің жаужүректілігіне мүлде риза болдым. Әрқайсысы аман болсын, жарайсыңдар»,- деп дән риза болған екен.
Бөгенбай, Жәнібек, Андықожа батырлар аралары екі-үш жас, шамалас болса керек. Түркістанда Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленгендердің жалпы саны – 121, оның ішінде сақталған 41 құлпытас қалпына келтіріліп орнатылған көрінеді. Сол тізімнің орта тұсында үш батырдың аты-жөндері келтірілген.
1. Қанжығалы Бөгенбай (1690-1775)
2. Шақшақұлы Жәнібек батыр (1693-1752) 3. Атығай Қойлы Андықожа батыр (1652 -1752) жазулар бар.

1-тапсырма: «Аялдама»
- 1-топ: Батырдың өмірбаяны
- 2-топ: Батырдың қасиеттері
- 3-топ: Батырдың ерліктері
Жеке жұмыс:
2-тапсырма: «Ыстық орындық»
- Бір оқушы орындыққа отырып, тақырып бойынша қойылған сұрақтарға жауап береді және өз пікірін айтады. Андықожа батырдың рөлін сомдайды.
3-тапсырма:
- Андықожа батырдың қандай қасиеттерін үлгі тұтасың?
- Кластер толтырту
«Веер» әдісі
Бірінші оқушы бір бөлігіне сабаққа қатысты сұрақтар жазып шығады, екінші оқушы екінші бөлігіне қысқаша жауап жазып тапсырады.

Үйге тапсырма
Баян мен Андықожа батырдың ерлігіне байланысты ұқсастықтары мен айырмашылықтарын Венн диаграммасына толтыру.
Кері байланыс
«Менің сабақтағы іс-әрекетім»
Андықожа батырдың өмірбаянын білдім.
Батырдың ел қорғауда жасаған ерліктерін, ерекше қасиеттерін анықтадым.
Топқа берілген тапсырмаға белсене қатысып, өз пікірімді еркін білдіре алдым.
