Жұмағали Тілеулин

Сабақтың мақсаты:

— Жұмағали Тілеулиннің өмір жолын біледі, ұлт үшін жасаған еңбегін анықтай алады;
-Қоғамдық-саяси қызметін бағалай біледі.

Жұмағали Тілеулин – белгілі қоғам қайраткері

Солтүстік өлкеде қазақ арасынан шыққан алғашқы денсаулық сақтау мамандарының бірі, арнайы мұғалімдік білім беру ұйымдастырушы-Жұмағали Тілеулин.

Жұмағали Тілеулин – 1890 жылы, бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Айыртау болысы, Шұқыркөл ауылында дүниеге келді. Ол Абылай ханның атақты батырларының бірі Айтбай батырдың тікелей ұрпағы.

Жұмағали Тілеулиннің ауыл молдасының берген сауатымен шектелмей, білімін әрі қарай жалғастыруына ағасы Шәймерден зор үлесін тигізеді.Ал Омбы әскери фельдшерлік оқу орнына түсуіне  Жұмағалиді әр бастамаларында қолдап, ұлт-азаттығы үшін күрес жолында, ағартушылық қызметінде жігерлендіріп, демеу беріп отырған Қ.Темірбеков себепші болады.1910 ж. Омбы әскери фельдшерлік училищесіне түсіп, 1913 ж. училищені ойдағыдай тәмамдайды.  Осы жылы әкесіндей болып кеткен абзал ұстазының қызы Райхан Темірбековаға үйленеді. Училищені аяқтап, 1917 жылдың тамызына дейін ауылындағы уездік ауруханада фельдшер болып, одан соң Петропавл уездік денсаулық сақтау бөлімінің санитарлық-медициналық бөлімнің нұсқаушысы болып істейді. 1908 жылы Қызылжарға М.Дулатов келгенде,бірінші танысқаны Тілеулин болса,ақындығымен көзге  түскен шәкірті- Мағжан Жұмабаев болып табылады.Бұл таныстық үшеуі үшін әрі бақ,әрі сор болып ортақ тағдырға ұласады. Төңкерістің алдындағы жылдары тәркіленуге тиіс болған М. Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабының 1000 данасын өз үйлерінде жасырып, аман сақтап қалады. Бұл жөнінде біз Жұмағали Тілеулиннің ұлы Серік Тілеулиннің өзінің әкесі мен отбасының тағдыры туралы Алматыда жазған хатынан білеміз.

Жұмағали Тілеулин қаламгерлікпен де айналысқан. Қаламгерлік мансабын ол «Жас туғандарыма» өлеңімен бастайды, бұл өлеңі сол кезде кең тараған «Айқап» журналында жарияланады.

Жаз күні ұйқы, қымыз ермегіміз,

Жасы бар, кәрісі бар елдегіміз.

Ғұмырың босқа бүйтіп өтер болса,

Не үшін бұл дүниеге келгеніміз? — деп берілген өлеңінде жастарды жаман әдеттен арылып, жақсы істерге шақырады.

«Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер»  деген мақаласында қазақ даласына ғылым-білім ұшқыны шашырап, орыс мектептері мен татар медреселерінде оқитын қазақ жастарының көбейіп келе жатқанына қуаныш білдіреді. Одан әрі оларды ана тілінде оқытса, тіпті жақсы болар еді, деген ой тастайды. Ол үшін мектеп, медреселер салу ісіне жұмылдыру мәселесін көтереді. Оның мақалаларының тақырыбы әр түрлі әлеуметтік өмір салаларын қамтиды. Мерзімдік баспасөз азаматтық борышын ақтаудың құралы деп түсінген жас маман, өз мамандығы бойынша қалам тербеп, денсаулық кепілі деп, тазалық, денсаулыықтың негізі тән саулығы туралы жазады.   1918 жылы 5-ші маусымнан бастап жұмысына қайта кіріскен Қызылжар уездік Земство Басқармасының құрамында  Ж.Тілеулин, М.Жұмабаев қызмет атқарған. Қызылжарда Земство жүйесін енгізуде белсенді қызмет көрсеткен де осы Жұмағали Тілеулин еді. Қазан төңкерісіне дейін сайлау науқаны кезінде Земство мекемелерін енгізу жөнінде инструктор және Кеңес билігі құлағаннан кейін Земство Басқармасында мүше әрі дәрігерлік-санитарлық бөлімінің бастығының қызметін атқарды. Азамат соғысы жағдайында земстволық мекемелер бірде жабылып, қайта ашылып 1919 жылдың соңына дейін өз жұмыстарын тоқтатпады. Алайда «Алаш» партиясының түпкі ниетін, идеясын жақтырмаған Кеңес үкіметі сол партияның мүшелеріне қысымды күшейтіп, қуғын сүргінге ұшыратады. Нәтижесінде, 1918 жылы Жұмағали Тілеулин тұтқындалып, абақтыға қамалады, 3 жылдай түрмеде отырып шыққан. Азамат соғысы аяқталған соң ұлттық мемлекеттілігіміздің қайтадан қалпына келтірілуіне жан аямай терін төкті. Яғни, ел тұтастығын сақтап, ұлттық автономия құруда ұлт мақтанышына айналып үлгерген Жұмағали Тілеулинннің еңбегі зор. Ол 2 жыл 3 ай көлемінде ел басқаруда, халық шаруашылығын орнықтыруда, қоғамдық сана-сезімді оятуда әр-түрлі қызметтер атқарып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының түпнегізін қалағандардың алдыңғы қатарында болатын.  Жұмағали Тілеулин 1919-1921 жылдары Петропавл қаласында уездік жер басқармасында қызмет етті.1922 жылы 27 қарашадан бастап Петропавлдағы қазақ мұғалімдер даярлайтын үшжылдық курсын ашатын болды. 5 қарашада Қызылжардағы қазақ азаматтарымен ұйымдастыру мәселелерін талқылады.  Жиынға қатысқандар қатарында   Жұмағали Тілеулин болды. Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссариаты жалпы білім беретін мектептер мен педтехникумдар үшін авторлар жасақтап, оларға шұғыл түрде қазақ тіліндегі оқулықтарды жазуды тапсырғанда  Жұмағали Тілеулинге «Мектеп оқушыларының гигиенасы» деген кітап жазу жүктелген.  Сонымен қатар, Мағжанның «Педагогикасы» 5 мың данамен, Тілеулиннің «Денсаулығы» 3 мың данамен басылып шыққан деген ақпарат бар.  Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы 1923 жылы оған қазақша медициналық оқулықтар жазу міндетін жүктейді. 1924 жылы Орынборда «Гигиена», 1926 жылы Мәскеуде «Жұқпалы науқастар», «Қотыр және жұқпалы аурулар, оларға қарсы қолданатын шаралар», 1926 жылы Орынборда «Денсаулық» кітаптары жарық көреді. Еңбекқор маманның қолынан шыққан, ел арасында әлеуметтік дерт қатарына жататын тақырыптарда жарияланған кітаптары халық арасына тез тараған. Қазақтың алғашқы буын аудармашыларының бірі ретінде Мәскеуде 1924 жылы «Көз ауру – трахома», «Мерез», 1926 жылы «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын аурулар» атты кітаптардың қазақша аудармаларын жариялады. Аудармаларының негізіне сол замандағы Ресейдің білікті дәрігерлері сәйкесінше Глобаның, Муралевичтің, Е.В. Клотованың еңбектерін алған. Жұмағали Тілеулин «Гигиена», «Жұқпалы науқастар» еңбектерінің авторы болған.

Ж.Тілеулиннің «Гигиена» еңбегі 9 бөлімнен тұрады. 1-бөлімде адамның дене мүшелері, қан айналымы, сүйектері, сезім мүшелері талданса, 2-бөлім ауаның керектігі, ауаның құрылысы, оттегінің жануы, көмірқышқыл газы туралы ақпараттарды қамтиды. 3-бөлім – үйдің жайы, орны, салынатын материалдары, дымқылдық дәрежесі, ас үйдің тазалығы турасында; 4-бөлім – терінің жаратылысы, бездердің қызметі, киімнің қасиеті, киімді тазарту, теріні күту, суық суға түсу жайында; 5-бөлім – дене саулығы үшін жасалатын қара жұмыс пен ой еңбегі туралы; 6-бөлім – дұрыс тамақтану ережелері, зиянды әдеттер жайында; 7-бөлім – жас баланы күту турасында; 8-бөлім – мектептегі тамақтану, жұқпалы аурулар, оқу мен жазу ережелері туралы; 9-бөлім – жұқпалы аурулардың таралуы және одан саөтану шаралары қарастырылған.«Жұқпалы науқастар» еңбегінде XX ғасырдың басында асқынып тұрған, өте қауіпті болып саналатын іш сүзегі, бөртпе сүзек, оба, шума, іш ауруы (дизентерия), күйдіргі, топалаң, жамандат сияқты аурулардың алдын алу, емделу жолдарын ұсынады. Солтүстік Қазақстан облысының мұрағатында Ж. Тлеулиннің өміріне байланысты фотосуреттер, колжазбалар, түсініктемелер сақталған және ол аурухананың Петропавл уезі бойынша 137145 адамға қызмет көрсеткенін, оның 23% сақтандырулары бар екендігін білеміз. Бұл түсініктемеден Ж.Тілеулиннің Петропавл уезіндегі денсаулық сақтау ісін жолға қоюшы, кейбір кезде құзыретінің жетпей жататындығына қарамастан, өз ісіне берілген қабілетті маман болғандығын көруге болады. 1932 жылы 20 сәуірде құрамында Ж.Тілеулин болған, М.Тынышпаев бастаған қазақ зиялыларының 2-тобы бойынша сот отырысы басталады. 5 жылға бас бостандығынан айырылып,абақтыда ғұмырының 2 жылын өткізеді де, Ресейдің Орталық аймағына жер аударылады.  1932-1935 жылдары айдау уақытында Воронеж облысы, Белозерск аудандық ауруханасында дәрігер болды.  1935 жылы жер аудару мерзімі аяқталған соң Қырғызстанға жіберіледі, онда Фрунзедегі Каганович аудандық ауруханасында қызмет етеді. Жан сауғалап Ташкентте тұрып жатқан отбасын көшіріп алады. Ауруханадағы жұмысымен қатар, ұстаздық қызмет атқарып, педтехникумда сабақ береді.

1936-1937 жылдары Новотроицкое селосындағы аудандық аурухана басшысы деңгейіне көтеріледі. 1937 жылы «Халық жауларын» жаппау қамау науқаны жүріп жатқан кезде ескі тізім бойынша Жұмағали да тізімге ілігеді. Мұрағат құжаттары бойынша, басқа да қазақ зиялылары сияқты Жұмағалиға тағылған айып, тұжырымдап айтқанда мынадай: ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кірген, «Алашорда» үкіметінің мүшесі болған… қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллегенциясының өкілдері Кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерін жалғастырып келген…

Олардың түпкі мақсаты – Кеңес өкіметін құлату, құрылтай жиналысын өткізу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру. Бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдар жайлап алған Кеңес үкіметінің мекемелерін пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтеріліске дайындап, Кеңестік саясатты «Алаштың» бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздейді. «Фашистік ұлтшыл-шпиондық ұйымға қатысқаны үшін» деген айып тағылады. Осылайша, 1938 жылы 48 жастағы Жұмағали Тілеулин тұтқындалып, ОГПУ «үштігінің» шешімімен 17 ақпанда атылады

Түркістан әскери округінің әскери трибуналы 1958 жылы 20-наурызда Ж. Тілеулиннің «қылмыстық ісін» қайта қарап, оны ақтады. Бұл қағаз кіші баласы Серік ақсақалдың қолында болатын. Бұл ақтаудың Қызылжар өлкесінің қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлерінің бірі болып саналатын Жұмағали Тілеулинге де, «халық жауының отбасы» жаман атын жамылып, 20 жыл жазықсыз қуғын көрген отбасына да еш пайдасы тиген жоқ. Жары Райхан 1955 жылы жүрек ауруынан көз жұмады, Үлкен ұлы Ерікті «еңбек армиясына» алған, кейіннен 1945 жылы «ауырып өлді» деген қара қағаз келіпті, екінші ұлы Әзиз соғыста айып батальонында шайқасып, хабар ошарсыз кеткен. 1926 жылы туған кіші ұлы Серікке ғана әкесінің ақталғаны туралы хабар алу бұйырған.

Топтық жұмыс

1-тапсырма: «Данышпан үлгілері»

  • Мәтіннің негізгі жолдары:
  • І топ: Мәтіндегі негізгі ұғымды тауып, оларды алвафиттік ретте жазыңдар
  • Маңызды өмірлік даналық:
  • ІІ топ: Мәтіннің негізгі ойын бір сөйлеммен білдіріңдер
  • Иллюстрациялық бейнелеу:
  • ІІІ топ: Мәтіннің негізгі ойын сурет, сызба арқылы бейнелеп көрсетіңіздер

  • Дескриптор:
  • Негізгі ұғымды тауып оларды алфавиттік ретте жазады.
  • Негізгі ойды бір сөйлеммен білдіреді.
  • Негізгі ойын сурет, сызба арқылы бейнелейді.

Жұптық жұмыс:

2-тапсырма «Тұлғаға мінездеме»

ТұлғаМінездеме
Жұмағали Тілеулин1.
2.
3.

Жұптық жұмыс

3-тапсырма: «Көршіңе әңгімелеп бер»

  • Позиция (мен солай санаймын)
  • Түсіндіру (себебі)
  • Мысал (мен мұны мынадай мысал арқылы дәлелдей аламын)
  • Салдар (айтылған мәселе бойынша мынадай қорытынды жасаймын)

«Веер» әдісі

Бірінші оқушы бір бөлігіне сабаққа қатысты сұрақтар жазып шығады, екінші оқушы екінші бөлігіне қысқаша жауап жазып тапсырады.