Қошке Кемеңгерұлы

Сабақтың мақсаты:

-Қошке Кемеңгерұлының өмір жолын біледі, ұлт үшін жасаған еңбегін анықтай алады;
-Қоғамдық-саяси қызметін бағалай біледі.

Тағылымы мол тарихи тұлға — Қошке Кемеңгерұлы

Қошке Кемеңгерұлы редакторлық іс пен   медицинаға үлкен  үлес қосқан қаламгер, Алаш қайраткерлерінің бірі.

1915 жылдан 1930жылға дейін үзіліссіз қазақ әдебиетіне, журналистикасына, медицинасына септігін тигізді. Дәл осы уақытта ұлт-азаттық күреске қатысып, қазақ автономиясын алуы үшін тер төкті. Күрестен де, ізденістен де шет қалмағанын оның жан-жақты еңбек еткенінен байқаймыз.

Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы, Омбы уезінің жерінде дүниеге келген. Әкесі Дүйсебай жастайынан қажы атанған діндәр адам болғандықтан ұл-қызын түгел молда, мұғалімге беріп, хат танытады. Қошке есейе келе жазғандарына «Қошке Кемеңгерұлы» деп атасының атын қадірлеп қол қояды. Дүйсебай балаларын тек арабшамен ғана шектемей, орыс тілін де үйретті. Кейінірек Қошке Қаржаста Белгібай молдадан арабша үйреніп, әкесі оны Омбы приход школына береді. Бұдан кейін Дүйсебай Қошкені Омбы ветеринарлық – фельдшерлік школға түсіреді. 1913 жылы аталған школдың 2-класын аяқтап, Омбы ауылшаруашылық училищесіне түсуді көздеп, 1913 жылы құжат тапсырады. Аталған училищеге онымен бірге Мұхтар Саматұлы, Смағұл Қазыбекұлы, ал бір жыл бұрын Бірмұхаммед Айбасұлы тәрізді қазақ балалары да қабылданған. 1915 жылы  Омбыда «Бірлік» ұйымының «Балапан» аталатын журналына редакторлық жасаған болатын. Училищеде оқып жүргенде Қошке қазақ зиялыларымен таныса бастады, ал қазақтың алғашқы журналы «Айқапта» 1915 жылы шыға бастаған бірнеше өлеңдері оның есімін Алашқа ерте-ақ мәшһүр етті. 1917 жылы сәуір айында Қошке Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола қаласында уездік қазақ комитетін құрады да, оның төрағасы болып Сәкен Сейфоллаұлы сайланады. Кейінірек Қошке Сәкен басқарған «Жас қазақ» ұйымының жұмысына да қатысады. 1917 жылы Ақмолаға қош айтып, Омбыға қайтады. Ол жерде Қ.Қемеңгерұлы Ақмола облыстық Алаш партиясының комитетін ашып, өзі сол комитеттің мүшесі болады. 1918 жылдың аяғында Қошке ауылшаруашылығы училищесін бітіреді. 1919 жылы Ақмола облыстық халық ағарту бөлімінің саны аз ұлттар ісі жөніндегі бөлімшесінде нұсқаушы болып қызметке тұрады. Жиырмадан енді асқан ол бұл жылдары қоғамдық іске белсене қатыса бастайды. Омбыда жас алашшылдар құрған «Жас азамат» ұйымының алқасына кіреді де, аталған ұйымның Қызылжарда басылған «Жас азамат» газетіне редактор болады. 1919 жылы ол Омбы политехника институтына оқуға түскеімен,  бірінші курсын ғана тәмамдайды. Оған себеп, 1920 жылы Ақмола облысындағы Қызылжар уезіне мұғалімдікке шақырылады. Осы жылы Қошке Петропавлда жаңадан құрылған «Қызыл мұғалімдер курсында» оқытушы ретінде дәріс оқиды. Дәл осы қалада ол драматургтік салаға бет бұрып, 1920-1921 жылдары «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» атты қос пьеса жазған-ды. Алғаш жазған «Әулие тәуіпті» қоса алғанда барлық үш пьесасын көрерменге сахналатып үлгерді. 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театрының шымылдығы Қошкенің «Алтын сақина» атты пьесасымен ашылды.

Осы қойылымнан кейін драматургтік бағытқа қызыққан ол «Ескі оқу», «Күнәсіз күйгендер» атаулы пьесаларын ұсынды.

1920 жылы 7 желтоқсан айында Сібір институтының ветеринария факультетінің медицина бөліміне алуы жайлы өтініш жібереді. Сөйтіп 1921 жылы 5 қаңтарда аталған оқу орнына түседі. Сол уақыттың өзінде «Кедей сөзі» газеті жабылғаннан кейін жарық көрген «Бостандық туы» атты газетте жұмыс атқарғаны жайлы деректер кездеседі.

1923 жылы Қошке Кемеңгерұлы үшін қиын жылдардың бірі болады. Ол Қызылжар жерінде халыққа ем-дом көрсетіп жүргенде Зирамен тансып,  отау құрады. Алайда Зира бала үстінде қайтыс болып, қайғыдан Қошке науқастанып қалады.

1924 жылы 3 курсты аяқтағаннан кейін 3 қыркүйекте Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысады. Ақыры Қошке 1924 жылы ұлтқа қызмет ету үшін Ташкентке кетеді. Бұл жерде алдын орналасқан таныс Алаш зиялыларымен қарым-қатынасын жақсартып, Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуезұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлымен жолдас атанады.

Ташкентте ол қазақ әдебиетіне үлесін қосады. Омбыда бастаған «Қазақ  тарихынан» атты зерттеуін аяқтайды. 1925 жылы Қошке «Бұрынғы езілген ұлттар», «Қазақша-орысша тілмаш» еңбектері жарық көреді.  Кейінірек қаламгер екі кітаптан тұратын «Жабропалықтар үшін оқу құралын» жазады да, бірінші бөлімін 1928 жылы Ташкентте,  екінші бөлімін 1929 жылы Қызылордада бастырады. Ол Ташкентте болған жылдары «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын», «Ерлік жүректе», «Момынтай», «Қазақ әйелдері», «Дүрия», «Назиха», «Жетім қыз» тәрізді әңгімелерді жазып қалдырған.

Қошкенің еңбектерін бағалаған С.Садуақаұлы: «Жас талап Кемеңгерұлының прозасы келешегінен үміт күттіреді» деген.

Ташкент қаласында адебиет пен ғана шектелмей, Қошке журналисттік қабілетін де ұштай түсті. Келе салысымен «Ақ жол» газетінде қызмет етті, «Сана» журналының бірер санына редакторлық етті. Әлеумет, шаруашылық, ғылым-білім жайында мәселелерді қозғап,  мақалалар жазды.

1925 жылы замандастары жайлы роман жазбақ болып, жолдастарына хат жазып, мәлімет іздеуді бастаған-ды. Оны Д.Әділұлына жазған хатынан көреміз: «Сен өміріңде талай тарихты бастан кешірген жансың ғой. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Өмір жолыңмен танысқым келеді. Кішкене Уақытыңды бөл. Есеп беру кезеңі туды. Мен қазақ зиялылары жөнінде роман жазуға отырдым».

20-жылдары Қ.Кемеңгерұлы Ташкентте мұғалімдік қызмет те атқарған болатын. Ол Орта Азия университеті мен Түркістан әскери училищесінде дәріс оқыған екен. Осы кезде әйелі Гүлсімнен Зәйра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзент дүниеге келеді.

1928 жылы оқуын әрі қартай жалғастыруға ниет білдіріп, 23 қазанда Шығыстану факультетінің түркітану кафедрасында Мұхтар Әуезұлымен қатар оқыған.

Ташкентте жүріп Қошке қазақ тілі білімінің проблемалары жөнінде зерттеу жұмыстарын да жүргізді. Осымен байланысты 1927 жылы Г.В.Архангельскийдің құрастыруымен орыс тілінде «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбегі жарыққа шықты. 1929 жылы жаз айында іссапармен атасының туған өлкесі Сарытауға барған-ды. Алайда бұл сапары соңғы екенін де, Сарытаумен соңғы қоштасуы болғанын да білмеді. 1930жылы Алаш қайраткелеріне қарсы қозғалыс жанданып, 13 қазанда Қ. Кемеңгерұлы «Кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалған айыппен абақтыға қамалады.  Ташкенттегі абақтыдан Алматы абақтысына көшіріліп,  2 жыл бойы жазықсыз отырды. 20 сәуірде үштіктің шешімімен 58-баптың  10, 11- тармағы бойынша, яғни «Отанын сатты» деген айыппен ұсталған мезгілін қоса есептегенде 5 жылға бас бостандығынан айырылып,  Украинадағы Валуйки қаласына жер аударылады. Ол жерде қаламгер темір жол жүйесінде дәрігер болып қызмет жасайды. 1935 жылы Қошке Кемеңгерұлы Валуйкиде мерзімін толық аяқтады. Заң бойынша енді ол елге қайтуға ерікті еді. Бірақ айлалы НКВД саяси тұтқындары елден жырақ ұстауды қалады. Сол себепті Қ.Кемеңгерұлына толық ерік бермей, қаламгерді Омбының Шарбақкөл жеріне қоныстануға рұқсат етті. Жер аударып келген Қошке енді Шарбақкөлде саясат бағытына оралмай, аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі қарапайым нұсқаушы болып жұмыс атқаруға бел буды. Дегенмен де 1937 жылы  7 тамызда НКВД қызметкерлері Қошкені қайта ұстап алып, үйінің астан-кестенін шығарып, оның бар жазған еңбектерін алып кетеді. Тұтқындалған ол енді Омбы қаласындағы НКВД абақтысына 3 айға қамалады. Осы уақытта 82 қазақ азаматы да қамауда ұсталған еді. Кешікпей осы 82 адмның 62-сі ату жазасына кесілген. 1937 жылдың 21 қарашасында үштіктің шешімімен Қошке Кемеңгерұлы ату жазасына кесілді.

Топтық жұмыс

1-тапсырма: «Қатені тап» ойыны

  • 1-топ тапсырмасы: Мәтіннің кез келген үзіндісін сурет арқылы беру. Суретте міндетті түрде 1-2 қате болуы керек.
  • 2-топ тапсырмасы: Мәтіндегі бір үзіндіні шашыраңқы сөздер ретінде жазу керек.
  • 3- топ тапсырмасы: Мәтін мазмұны бойынша бірнеше сұрақтар құрастыру керек. Сұрақтарда 1-2 қате болуы керек. Тапсырмалар жазылып болған соң, топтар бір-біріне қателерін тауып, түзетулері керек. Түзетулерді арнай параққа жазады.

  • Дескриптор
  • Мәтіннің кез келген үзіндісін сурет арқылы береді.
  • Мәтіндегі бір үзіндіні шашыраңқы сөздер ретінде жазады.
  • Мәтін мазмұны бойынша бірнеше сұрақтар құрастырады.

Жұптық жұмыс

2-тапсырма: «Ойлан, жұптас, бөліс»

  • Дескриптор:
  • Қошке Кемеңгеровтың өмірінің негізгі кезеңдерін анықтайды;
  • Қошке Кемеңгеровтың 3 қасиетін анықтайды;
  • Қошке Кемеңгеровтың ерлігін айғақтайтын 3 дәлел келтіреді.
ӨмірбаяныҚасиеттеріҚызметі
1.
2.
3.
1.
2.
3.

Жеке жұмыс

3-тапсырма: «Тарихи диктант»

«Таза тақта» ойыны

Тақтада жазылған датаға сәйкес оқиғаны айтады. Егер дұрыс айтса датаны тақтадан өшіреді. Барлық даталарды айтып шыққан соң ойыны тоқтайды