Сабақтың мақсаты:
Есқақ Иманқұловтың өмірбанымен, әнші ретінде қалыптасу тарихымен танысады;
Есқақ Иманқұловтың өнерін бағалайды,мәтін талдайды.
Сахна саңлағы — Есқақ Иманқұлов
Табиғаты шұрайлы өңірімізден көптеген талантты тұлғалар шыққаны аян. Солардың бірі – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, талантты режиссер, жазушы, драматург, әнші, домбырашы, шебер сиқыршы Есқақ Иманқұлов.
Есқақ Иманқұлов 1915 жылы қазан айында Шал ақын ауданындағы Есіл өзенінің Көлмек деген бір тармағының жағасында орналасқан Көктерек атты шағын ауылда дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіріп, Петропавл қаласында теміржол ФЗУ-ында оқыған. Оны тамамдап (1934 ж.), Петропавл –Қарағанды пойызында жолсерік болып жұмыс істеген. 1935 жылдың басында Петропавлда жаңа ашылған қазақ студиясына оқуға, түседі.Студияны Омбыда оқыған білімді өнерпаз жігіт Кәрім Жабин басқарады. Кейін студия театрға айналғанда театрдың директоры болады.Бір жылға созылған студия оқуы аяқталып, 1936 жылдың 15 қағтарынан бастап студия бітірушілердің дипломдық қойылым көрсетіледі. Алғашқы қойылымдары «Қыз Жібек» және «Айман – Шолпан» пьесалары болыпты. Осы уақыттан бастап студия театр аталады. Театр ашылған жылы Б.Майлиннің «Талтанбай» атты пьесасы қойылыпты. Есқақ Иманқұлов онда Сөлкөбай рөлін ойнапты.Бұл рөл оның әртістік жолындағы алғашқы қадамы еді. Оның бұл рөлде ойнауын көрермендер жылы қабылдаған.1937 жылы театрдың атақ даңқы бүкіл қазақ жеріне жайыла бастаған Петропавл қазақ драма театрының әртистерін қуған-сүргінге ұшырату басталды. Алдымен театрдың директоры Кәрім Жабин мен режиссері Сейфолла Байғожинді 1937 жылғы 10 қазан күні тұтқындайды. Әртистерінің біразы қуғын сүргінген ұшыраған Петропавл қазақ драма театры « Алашордашыл ұйым» деп саналып, сол 1937 жылдың соңында жабылды.
Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының 1938 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен қазақ драма театры Петропавлдан Гурьевке (қазіргі Атырауға) көшірілді. Театр ұжымы түгелімен дерлік сонда көшті. Сөйтіп, Е.Иманқұлов жаңа ашылған Гурьев драма театрының шаңырағын құрушылардың бірі болды.
Е.Иманқұлов Ұлы Отан соғысы басталысымен әскерге алынып, 1941-1946 жылдары Қиыр Шығыс майданында 260-шы атқыштар бригадасының атқыштар бөлімшесінің командирі болады. Мұнда да көркемөнерпаздар ұжымын құрып, концерт береді. 1946 жылы майданнан елге оралған Е.Иманқұлов Гурьевке барған жоқ, өйткені зайыбы Әмина Жанұзаққызы петропавлда қаланың бір мектебінде директор болып істеп жүрген еді. Мұнда келген соң Есқақ Бекбауұлы Петропавл филармониясының эстрадалық бюросына қазақ ансамблінің әдеби көркемдік жетекшісі болып орналасады. Бұл қызметті ол 7 жыл атқарған екен. Сол жылдары өзінің шағын труппасымен Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай облыстарының қазақ ауылдарында концерт қойып жүреді. Труппаның құрамында әншілер, күйшілер, бишілер, тақпашылар өнер көрсетеді. Труппада белгілі ақын, әнші Игібай Әлібаев те сахнаға шығады. Есқақ әншілігіне қоса сықақшылығымен және сықыршылығымен көрермендерді таңғалдырады.
1954 жылы баяғы өзі қызмет істеген Гурьев театрының директоры К.Төлешов шақырып, ол отбасымен қайта Гурьевке көшеді. Осы театрда ол аттай 28 жыл әртістік қызмет атқарады, театрдың қалыптасып өркендеуіне зор үлес қосады. Мұнда ол М.Әуезовтің «Еңлік Кебек» трагедиясындағы Абыздың, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері» драмасында Жалмұқанның, С.Мұқановтың «Ботагөз» пьесасында Қожантайдың т.б. рөлдерін тамаша сомдайды. Театр ол талантты әртіс қана болған жоқ, дарынды режиссер де болады. Мысалы, режиссер ретінде сахнаға Б.Майлиннің «Исатай – Махамбет», «Шуға» шығармаларын шығарады. Оның көркемдік жетекшілігімен 30-ға жуық спектакль қойылыпты.
Гурьев театрында істеп жүрген кезінде жоғары сахналық шеберлігі мен қазақ театр өнерін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі үшін 1963 жылғы 17 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы оған «Қазақ КСР- нің еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағын береді және республикамыздың Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен 2 рет және «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталады.1960 жылы оның есімі Гурьев облысының Құрмет кітабына енгізіледі. КСРО халықтарының Бүкілодақтық драматургия және өнер фестивалінде Д.Файзидің «Башмағым» атты музыкалық спектакліндегі Кәрімбай бейнесін сомдағаны үшін Кеңес Одағы Мәдениет министрлігі мен КСРО Жазушылар одағы басқармасының І дәрежелі дипломымен марапатталады.
1970 жылы Есқақ Иманқұлов театр кадрларын күшейту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Жетісай қаласында жаңа ашылған Қ.Жандарбеков атындағы Қазақ музыкалық драма театрына шақырылады. Мұнда алғашқы күннен бастап театр ұжымының шығармашылық жұмысына және аудандық қоғамдық өміріне белсенді араласады. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі режиссері ретінде жас сахнагерлерді әртістік және шығармашылық өнерге баулиды. Оның режиссерлігімен театр сахнасына С.Хожаниязовтың «Сүймегенге сүйкенбе», Т.Ахтановтың «Махаббат мұны» шығармалары шығарылады. Есқақ Иманқұлов шығармашылықпен айналысып, әңгімелер, өлеңдер, пьесалар жазған. Оның «Қыздың атын қысқартпа», «Ойламаған орға жығылады. « Апама жездем сай», «Менің құрбыларым», «Уақытша бастық» тағы басқа пьесалары театр сахнасында және халық театрлары мен көркемөнерпаздар ұжымдарының репертуарынан берік орын алды.
Мақтаарал аудандық «Жетісай» газетінің тілшісі Б.Иманов «Талант қырлары» деген мақаласында Есқақ Иманқұловтың таланты мен өнерпаздығы туралы былай деп тебіренеді: «Ол әртіс қана емес, он саусағынан өнер тамған өнерлі адам. Режиссер, домбырашы, фотосуретші, әуесқой кинооператор, домбыра шабатын шебер, талантты драматург, өлең жазып, ән шығарып, онысын өзі орындайтыны тағы бар. Бұған иллюзионист-экспромтист болғанын қосыңыз. Осының бәрі бір адамның басына қалай сыйып тұр десеңізші?!»
1950 жылдан бастап актерлік өмірінде ол 150 –дей рөлде ойнаған екен. Е.Иманқұловтың актерлік табиғаты негізінен комедиялық жанрдағы образдарды жасауға ерекше бейімделгендігін көрсетеді. С.Адамбековтың «Күн мен көлеңке», Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», К.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай» комедияларындағы өз рөлін келістіре орындап, көрермендердің көрермендердің күлкісін жиғызбағаны бұған дәлел.
Актердің бұл қабілеті туралы «Театр тарихы» кітабының І томында: «Е.Иманқұлов сахнада жүргенде көрермендер былай тұрсын, онымен бірге ойнайтын әртістер де күлкіден өздерін әрең тыйып жүретін көрінеді», -деп жазылыпты.
Есқақ Иманқұлов 1993 жылы 78 жасында республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болып демалысқа шығыпты. Зейнеткерлік демалысқа щыққаннан кейін де ол Мақтаарал ауданының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып отырады. Театрдан да қол үзбейді, жас әртістерге ақыл кеңесін айтып, өзінің мол тәжірибесімен бөліседі. 1995 жылы оған Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы атағы беріледі. Оның өмірі мен сахналық өнері, жазушылығы туралы «Қазақ совет энциклопедиясында» (1973 ж.), «Қазақ театры тарихынан» кітабында» (1978 ж.), «Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясында» (2004 ж.) тағы басқа басылымдарда жазылған.
Есқақ Иманқұлов 90-нан асқан шағында көп жылдар бойы еңбек жолында жинаған жазбаларын қайта қарап, сұрыптап екі көлемді кітап жазып шығарды. Оның біреуі түгелімен өзінің өмірі мен өнер жолындағы қызметіне арналған, ал екіншісі автордың әр жылдары жазған әдеби шығармаларының жинағы. Бұл кітаптардың қазіргі жастарға үлгі өнеге боларлық танымдық мәні зор, өйткені, оларда автордың тағдыры ғана емес, сонымен бірге оның замандастарының, әріптестерінің өмірі мен қызметі және солар арқылы еліміздің тарихының бірқатар беттері қызықты баяндалған.

Топтық жұмыс
1-тапсырма: «Ақпараттар сөйлейді»
- 1-топ: Әншінің өмірбаяны туралы мағлұмат береді
- 2-топ: Әнші болып қалыптасу тарихымен танысады.
- 3-топ: Әншінің ерекше қасиеттерін анықтайды
Жұптық жұмыс
2-тапсырма «3/3/1»
Оқушылар әншінің өнерін 3 сөйлеммен бағалап, ойларын түйіндейді. 3 сөйлемнің ішінен 3 негізгі сөзді анықтайды. 3 сөздің ішінен Есқақ әншінің ерекше қасиетін ашатын 1 сөзді табады
Ғылым саласына сіңірген еңбегі | Қоғамдық-саяси өмірдегі белменділігі |
1. | 1. |
2. | 2. |
3. | 3. |
3-тапсырма: «Пікір алмасу»
- Әр топ тақырыпқа байланысты 5 сұрақ дайындайды. Әрбір сұрақты стикердің бір жағына жазады. Екінші жағына жауабын жазып,келесі топпен стикерлерін ауыстырады.Топ басшысы стикердегі сұрақтарды оқиды, топ мүшелері жауаптарын жазып дайындайды. Көшбасшы белгі бергенде,барлығы өз жауабын ашады және жауаптарды талқылап, дұрыс жауаппен салыстырады.
«Веер» әдісі
Бірінші оқушы бір бөлігіне сабаққа қатысты сұрақтар жазып шығады, екінші оқушы екінші бөлігіне қысқаша жауап жазып тапсырады.

Үйге тапсырма
•Есқақ Иманкұлов өмірбаяны жайында ғаламтордан қосымша ақпарат жинау
Кері байланыс
Оқу мақсатына қайта оралу
Сабақтың мақсатына жеткен-жетпегендіктерін сұрау.
