Мағжан Жұмабаев

Сабақтың мақсаты:

-Мағжан Жұмабаевтың өмір жолын біледі, ұлт үшін жасаған еңбегін анықтай алады;
-Қоғамдық-саяси қызметін бағалай біледі.

«Ақынның ақыны» – М.Жұмабаев

Жұмабаев Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасы) дүниеге келген. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады. Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұмысына  белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. “Алаш” партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті. 1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.

М.Жұмабаев 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаумен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі.1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда М.Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесіледі.

Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты.

Топтық жұмыс

1-тапсырма: «Стоп кадр» әдісі бейне материалды көрсетеді.

  • 1-топ: Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы
  • 2-топ: Мағжан Жұмабаев туралы 15 дерек
  • 3-топ: Мағжан Жұмабаевтың қоғамдық –саяси қызметі

Жеке жұмыс

2-тапсырма«Он сұрақ»

  • Маңдайына сөз жапсырылған оқушы сыныпқа 10 сұрақ қоя алады. Оған жауап не иә не жоқ деп беріледі.Жасырынған сөзді тауып алуы керек.

Жұптық жұмыс

3-тапсырма: «Тарсия»

  • Оқушылар сұраққа сәйкес жауапты тауып құрастырады. Құрастырғанда геометриялық фигура шығару керек.

«Әріптестер» әдісі

Оқушылар сынып ішінде жүріп, сәйкес келетін сұрақ пен жауапты іздейді