Қожаберген жырау

Сабақтың мақсаты:

Қожаберген жырау туралы деректерді оқиды, мәтінді талдайды;
Жырау өлеңдерінің тәрбиелік мәнін ашып, өмірмен байланыстырады.

Қожаберген жырау – ел тұтастығы үшін күрескен қаһарман тұлға.

Жеке басының батырлығымен, қолбасшылық дарынымен елін қорғаған, жалынды жырларымен халқының рухын көтеріп, күреске жігерлендірген танымал тарихи тұлғаның бірі – осыдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Гүлтөбе-Мамай қонысында туып, 1763 сол жерде қайтыс болды. Ол Орта жүздің Ашамайлы Керей руының Көшебе ру тармағынан шыққан батыр және Тәуке хан заманында Ордабасы, Сардар деңгейіне көтерілген, билердің бабасы атанған Әнет бабадан бата алған қайраткер.

Қожаберген жырау жас кезінде Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы ұрпақтарының қолында өсіп, Үргеніш, Бұхара, Самарқан медреселерінде оқыған, араб, парсы тілдерін меңгерген. Он үш жасынан ақындыққа бет бұрған, ол он жеті жасында аңыз әңгімелерді өлеңмен жырлаған. Қазақ хандығын Тәуке хан басқарған тұста Хиуа, Бұхара және Қоқан хандықтарына және парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарған. Сол уақытта 25 жастағы Қожабергенді ордабасы етіп сайлаған. Сөйтіп, ол жоңғарға қарсы соғыста бас қолбасшы болған. «Қожаберген бабамыз 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер!», – деп академик Манаш Қозыбаев баға берген.

Қазақ хандығының құрылуы мен оның дербес мемлекет ретінде алысқа айбар, жақынға құс болып қалыптасуына өлшеусіз зор үлес қосқандардың ішінде Қожаберген Толыбайұлы бар. Ол қазақ елінің алғашқы заңдық құжаттарының бірі «Жеті жарғыны» жүйелеген Әз Тәукенің үзеңгілес жолдасы, Бөгенбай батырдың ұстазы, Алаштың ақылманы, хан Абылайдың замандасы болған тарихи тұлға.

Қожаберген жырау — қайнаған қан майданның қақ ортасында жүрген саңлақ ер, қолбасшы батыр, өткеннің ескі сарынымен суарылып, көненің күмбірін көкірегіне тоқыған шежіреші. Бұл туралы қазақтың асыл ұлы, айбынды батыр Бауыржан Момышұлы «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры – әскери дастан»! – десе, көрнекті ғылым қайраткері, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Қожаберген ақынның «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссаясының бірінші бөлімі – 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» – деп бағалаған.

«Елім-ай» қазақ халқының тарихында алар орнын, өскелең ұрпақ үшін таптырмас құнды дерек екендігін айқындап беріп отыр, өйткені дастанның әр шумағы жас буын өкілдерін отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке, бауырмалдыққа, адалдыққа, достыққа насихаттайды. «Елім-ай» әдеби тұрғыдан алғанда да теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жырлайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіге қайғырып, болашақты ойлайды, философиялық пайымдармен орағыта толғайды. Ендеше Қожаберген бабамызды қол бастаған батырдан өтіп, ғасырлар қойнауына мұра етіп алып келе жатқан «Елім-айдай» асылымыздың авторын – Дауылпаз жырау деп атау орынды», – дейді академик Манаш Қозыбаев [16].

Ал зертеуші Ш.Смағұлов өзінің мақаласында: «Қожаберген өз тұсында суырып салма ақын-әнші, күйші, әскербасы болумен қатар, белгілі емші, сынақшы, от ауызды, орақ тілді шешен, қолөнерші он саусағынан өнер тамған шебер, құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, сынықшы, ауа райын болжаушы (сәуегей), ірі қобызшы, жетігенші адам болыпты», — деп көрсетеді [17].

Қожаберген жыраудың тарих бетінен орын алып, шығармаларының зерттелуіне Манаш Қозыбаевтан бастап, Петропавл қаласындағы «Асыл мұра» орталығының қызметкерлері де жұмыла кірісіп, үлкен істер атқара білген. Қызылжар өңірінің тумасы, ұлтымыздың тарихын зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант, Парламент депутаты Абай Тасболатовтың құрастыруымен, «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» қоғамдық қорының төрағасы, белгілі Қызылжар өңірінің облыстық сотын басқарған, тоқсан бидің зиратына кесене, Мағжанның әке-шешесінің басына мрамор тастан белгі тас қоюға мұрындық болған меценат Бекет Тұрғараевтың және белгілі өлкетанушы С. Жұмабаев, Ж. Ахметовтердің даярлауымен «Дауылпаз баба- Қожаберген жырау» атты шығармалар жинағы мен зерттеулері жарық көрді. Одан басқа Н. Әбутәлиев «Сегіз сері», «Ордабасы Қожаберген», М.Дастанова «Елім-ай» жинағы, С. Жұмабаев, Қ. Биғожин «Қожаберген жырау» атты еңбектер жарық көре бастады. «Қожаберген жырау – қайраткер, қолбасшы» деген тақырыпта тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған мақала жазып, Қожаберген жыраудың өмірін, шығармашылығын зерттеу әлі де керек екендігін тілге тиек етеді.

Қазақ елінің тарихында Қожаберген жыраудан қалған бірқатар рухани мұралар бар, олар ерлікті, батырлықты көп дәріптейді. Мұның сыры өзі де қолына қару алып, ел қамы үшін атқа мініп, өз кезінің қоғамдық-саяси ортасына көп араласуынан деп білуіміз қажет. Осы тақырыптарға байланысты ел арасына кең тараған дастандар шығарған. Олар: «Ер Көкше», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Ер Қойлыбай», «Қасқа жолды Ер Қасым», «Қабанбай батыр», «Ер Қосай», «Асан ата», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Орақ батыр», «Ер Едіге», сонымен қатар елге «Қарғыс атқан қалқам-ай» «Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас», «Сылаң сыр», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың қоштасуы атты өлеңдері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақтаулы. Сонымен қоса, «Күлдірмамай», «Қойлыбай көрген», «Қарасары Болат Керей», «Соқыр абыз», «Баба тілі» дастандары, «Ата-тек» тарихи жыры, «Қуаныш», «Жастық», «Кәрілік», «Өсиет» өлеңдері «Наурыз» батасы және XVIII-ХХ ғасырларда қазақ халқының ұраны болған «Елім-ай» дастаны бар. Жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастанында жырау 1723 жылдың апатын, халықтың қайғы-қасіретін, күйзелісін ашына жазады.  Бұл қолжазба Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының әдебиет және өнер институтының қолжазбалар бөлімінде сақтаулы тұр.

Шығармашылық мұрасы, өлмейтін «Елім-ай» шығармасы, жалпы оның рухани шығармашылығы, оның отты, патриоттық үндеулері академик Х.Әбжанов атап өткендей, өзінің мазмұны бойынша Қайта өрлеу дәуіріндегі 18 ғасырдағы көрнекті еуропа ағартушыларының деңгейіне сәйкес келген.

Орта Азиялық деңгейдегі қолбасшыға бүгінде қаламыздың қақ ортасында орналасқан № 6 орта мектепке батыр бабамыздың аты беріліп, қазақ әлеміне мәшhүр жыраудың есімі жас ұрпақтың санасында мәңгі жатталып қалды. Жыраудың туған жерінде Жамбыл ауданының орталығы Преснов елді мекенінде батырдың 350 жылдығына орай ескерткіш ашылды. Петропавл қаласының кіреберісіне ұлтымыздың айбыны ретінде ерекше символикалық нышан ретінде жырау бабамызға арналып есерткіш орнатылды.

Ары таза, Отан деп шырылдап, жанын шүберекке түйген халық перзенттері – халық мұрасының асылы, ұлттық мақтанышы. Ел тарихын зерделеп, төрт құбыламызды түгендеуге ұмтылған шақта Дауылпазжырау – Қожаберген есімінен айналып өту мүмкін емес. Тарихта аты қалған бұл батыр бабаларымыздың есімін ұлықтап, олардың аруағына тағзым ету – еркіндік алған елдің бүгінгі ұрпақтарының қасиетті парызы.

Топтық жұмыс:

1-тапсырма: «Мағынаны ажырату»

  • І топ Қожаберген шежіресі
  • ІІ топ «Елім-ай» дастанының шығу тарихы.
  • ІІІ топ Қожаберген жырауды бүгінгі күнмен қалай байланыстырамыз.

Жеке жұмыс:

2-тапсырма 

  • Бұл өлеңнің ұлттық рухани құндылықты қалыптастыруда қандай маңызы бар? Бүгінгі алған білімдеріңді түйіндей отыра, осы өлең жолдарымен байланыстырып, ой толғаныс жазыңдар.
  • Жазғандарын әр топтан 1 оқушы оқиды. Қалған оқушылар өздеріне ұнаған жерге, қабырғаға іліңіздер. «Галлереяға саяхат» жасайық.

«Сен – маған, мен – саған»

Оқушылар бір-бірінің қойған сұрақтарына жауап береді, тақырыпты бекітеді.