Сабақтың мақсаты:
Батыр туралы деректерді оқиды, мәтінді талдайды;
Батырдың тұлғалық қасиеттерін, ерлігін бағалайды
Есімі ұран болған Жанатай батыр
Жанатай (кейде Жантай деп те жазылып жүр) батыр қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылында дүниеге келген. Ол Орта жүз Арғынның Атығай руының Құдайберді бөлімшесінен тарайды. Жанатай Аканұлы 1723 жылы туып, 1771 жылы қалмақтармен болған қанды шайқаста қаза тапқан. Ол ат жалын тартып мінгелі Абылайдың хас батырлары – Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Уақ Баяндары талай қанды жорықтарға қатысқан. Жанатай батырдың әкесі Ақан мыңдап жылқы айдаған бай, елге беделді, айтқан сөзі далада қалмайтын өтімді адам болған. Жанатайдың анасы Болат бәйбіше қарулы, өжет адам болған екен. Болат бәйбішенің төркіні Кіші жүз Адай руы екен. Ақан мен Болатта тоғыз ұл болыпты. Олар: Түгел, Жантүгел, Қонай, Жанатай, Үркін, Шағатай, Қарамырза, Сарымырза, Азнабай, Жанатайдан Тілеуберді батыр туады. Тілеуберді батыр Кенесары тұсындағы соғысқа қатысып, өшпес ерлігімен көзге түскен.
Жанатай батырдың ерлігін, қадір-қасиетті жақтарын ел есінде қалдырған. Жанатай батырды ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында былай көрсетеді:
Жиылды өңшең ноян, ығай-сығай,
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай.
Түу баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай
Ашуы төккен қардай, шөккен шардай,
Қос қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай.
Бөкеннің жас жолбарыс жеткншегі –
Аузынан жалын шыққан жас Жанатай.
Осы поэманың тағы бір жерінде Мағжан былай деп төгілді:
Қалың қол арасында батыр Баян,
Баянның батырлығы Алашқа аян.
Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен
Аузынан көбік болып бұрқырап қан.
Оң-солға алдаспанды сілтегенде
Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан.
Жанында жалғыз жолдас жас Жанатай
Қансырап зорға ғана кірпік қаққан.
Түзеліп отыруға халі қалмай
Қасқайып бара жатты құлап аттан.
Қаракерей Қабанбай туралы жарияланған бір мақалада Жанатайдың ерлігін тамаша суреттеген. «Қалмақтың Аманалы деген батыры қазақ жауынгерлерін ілгері бастырмай иріп тастап, жекпе-жек сұрап тұрып алады. Қара нардай Аманалы батырға қазақтан ешкім шыға қоймайды. Бір сәтте Жанатай батырдың екі көзі шоқтай жанып, аруағы ұстаған бақсыдай «Иә, аруақ! Абылай!» деп жалын шашқан жас Жанатай ақ найзасын күнге шағылыстырып шыға келіпті. Аманалы да қарсы ұмтылады. Көз ілеспес шапшаңдықпен жау батырын ақ найзамен жүрек тұсынан түйреп жіберіпті Жанатай»
Жанатай батыр туралы қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «Исторические предания о батырах ХVІІІ в.» деген мақаласында жазған болатын.(Ч.Ч.Валиханов. Собр.соч. в пяти томах. Том І. – Алма –Ата, 1984. –Стр.221).
Абылай хан 1771 жылы Ресейден Қытайға қарай ығысқан Еділ қалмақ әскерін барлауға 500 әскер беріп Жанатай батырды жібереді. Жанатай батыр жау қолына түсіп қалған інісі Арқандар батырды құтқармақ болып, 10 мың адамдық жау шебіне бес жүз сарбазымен басып кіріп, осы соғыста Жетісу өңірінде Іле бойында қаза табады. Осы Ұрыстың соңына таман 500 сарбаз түгел қырылып, тек Жанатай батыр, баласы Тоқыш және 8 сарбаз қалады. Сол кезде Жанатай атынан түсіп баласын отырғызып, оған: «Сен тез қайт, қалайда тірі қалуға тырыс, әйтпесе мен үшін жаудан кек адам қалмайды», деп Тоқышты аттандырып жібереді. Өзі сол жерде қаза табады. Тоқыш қоршауды жарып өтіп Абылайға жетеді. Сол сәтті Шоқан былай келтіреді: «Когда Аблай узнал о смерти Жанатая, плакал неутешно, говорил: «Не дававший себя точить, черный булат мой!» (Там же,стр 222)
Батырдың сүйегі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Өрнек (бұрынғы Жанатай) ауылының жанында жерленген. Жанатай батырдың жеті баласы болыпты. Олар: Тастемір, Таңат, Болат, Кешубай, Онжеті, Бошан, Кенжеқозы.
Тастемірден – Еленбай, Мәутенбай, Еленбайдан – Нығмет. Мәутенбайдан – Әміржан. Әміржан Мәутенбаев – белгілі тарихшы, журналист. Одан – Асқар.
Таңаттан – Қуандық, Бимақан, Әбіш, Айдос, Зікібай, Сейітқұл, Бәрінен де балалар бар. Зікібайдың Есләмі – белгілі ақын.
Болаттан – Қорқыт, одан – Мәті. Мәтіден бес бала: Баязи, Көбен, Жұмалы, Сейдахмет,Қожахмет, Баязиден – Құрмаш (Құрмаш Баязиев көп жыл облыс мектептерінде директор болып қызмет атқарған) –Қожағали, Есмағали, Құрманғали (Құрмаш). Көбеннен – Мейрам, Қанат, Жұмалыдан – Молдағали,Әскер Сейдахметтен – Баймұрат.
Кешубайдан – Байжан, Құжырақай
Онжетіден – Мырза, Нарғожа, Мәмет
Бошаннан – Тәшібай, Жұмабек, Жайлаубай, Нақымишан, Нұрқан
Кенжеқозыдан – Шешенбай. Шешенбайдан – Шоқай. Шоқайдан – Қали, Смағұл,Қабдолла, Смағұлдан – Қабиболла, Тасқынбай. Қабиболладан – Көшімбай.

Топтық жұмыс
1-тапсырма: «Хабарлама жеткізу»
- 1-топ: Батырдың өмірбаяны туралы мағлұмат береді
- 2-топ: Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында Жанатай батырды қалай сипаттайды
- 3-топ: Батырдың ерліктерін анықтайды
- Әрбір топ мәтіннен батырдың өмірбаяны, қасиеттері, ерліктері туралы деректерді алып түсіндіреді.
Жеке жұмыс:
2-тапсырма: «3/3/1»
- Батыр Жанатай тұлғалық қасиеттері мен ерлігін 3 сөйлеммен бағалап, ойларын түйіндейді.
- 3 сөйлемнің ішінен 3 негізгі сөзді анықтайды.
- 3 сөздің ішінен Батыр Жанатайдың ерекше қасиетін ашатын 1 сөзді табады.
«Сен – маған, мен – саған»
Оқушылар бір-бірінің қойған сұрақтарына жауап береді, тақырыпты бекітеді.

Үйге тапсырма
М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқып келу
Кері байланыс
«Тик-ток»
Нені білдім, нені үйрендім?
Нені толық түсінбедім?
Нені білгім келеді?
